29 там, 2018 сағат 09:49

Азиада-2018: Екінші белдесуінде жеңіліп қалған Сметов ауруханаға түсті

Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, алтынға басты үміткер Елдос Сметов екінші айналымда ұтылып, жарысты жүлдесіз аяқтады.

2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Джакарта татамиінде алдымен индонезиялық балуанды «иппон» әдісімен жеңген. Ал екінші айналымда Солтүстік Корея спортшысынан ұтылды.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің хабарлауынша, дзюдодан Қазақстан командасының көшбасшысы Елдос Сметов соңғы белдесуден соң Джакарта ауруханаларының біріне жеткізілді.

«Жаңа ғана Елдосты жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Рентгеннен өткізеді. Екінші белдесу кезінде жарақат алған. Оң жақ қабырғасы сынды деген болжам бар», - дейді дзюдодан Қазақстан командасының дәрігері Наталья Кудашева.

Айта кетелік, Елдос Сметов жұбаныш белдесуіне де шыққан жоқ.

Ұлт ақпарат