28 шіл, 2018 сағат 22:12

Астролог айдың тұтылуынан кейін адам өмірінде не өзгеретінін айтты

Қазақстандықтар шілденің 27-сінен 28-іне қараған түні XXI ғасырдағы ерекше астрономиялық құбылыс айдың тұтылуы мен Марстың жер бетіне барынша жақындауын тамашалады. Бұл құбылыстың адам өміріне қалай әсер ететінін астролог Ирина Абдраимова айтып берді, деп жазады Sputnik агенттігі.

Астрологтың айтуынша, айдың толық тұтылуы күннің екі рет жартылай тұтылу құбылыстарының арасына дөп түсіп отыр. Күннің бірінші тұтылуы 13 шілдеде болса, екіншісі 11 тамызда болады.

"Айдың тұтылуы күрделі салдарларға әкеп соғуы мүмкін, қаржылық қиындықтар, адамның жеке басында проблемалар туындайды. Негізінен біздің ішкі жан дүниемізге әсер етеді. Әсіресе әйелдерге ықпалы зор, жеке және отбасылық, психологиялық жағдайына әсерін тигізеді. Жалпы ай адамның бейсанасына тікелей ықпал жасайды, сол себепті санамыздың қалтарыстарында терең сақталған қорқыныш, үрей мен ренішімізді сыртқа шығарамыз. Өте сезімтал бола бастаймыз, әсіресе, әйелдер жағы. Адам болмашы нәрсені көңіліне алып, өкпелеп қалуы мүмкін. Жалпы зорлық-зомбылыққа, өпшенділікке, ашушаңдыққа, шыдамсыздыққа бейім келеді", — дейді Ирина Абдраимова.

Астрологтың сөзіне сүйенсек, ай тұтылуының балаларға да ықпалы зор — бұл кезде олар тым ерке болып, тіл алмай, мазасыздануы мүмкін. 

Сонымен бірге, адамдардың басым көпшілігінде жүйке және жүрек-қан тамыры дерті қозып кетуі де ықтимал.

Жалпы бұл кезеңде адам өзінің өмірінде болып жатқан жайттарға ықпал ете алмайды. Жеке өмірінде де, тіпті жаһандық саяси мәселелер де адамның еркіне бағынбайтын оқиғалар болуы мүмкін. Сол себепті мінез-құлқымызды өзгертіп, ішкі жан дүниемізге қарай шешім қабылдауымыз керек.

"Айдың тұтылуы, әсіресе, 24 және 28 шілде, қазан, қаңтар, сәуір айларында туған адамдарға ерекше ықпал етеді. Бұл өте маңызды. Алдағы 18 жылға тағдырды өзгертуге айрықша мүмкіндік туады. Екі тұтылу арасындағы кезең адам тағдырын өзгертуге ең қолайлы мерзім болып саналады. Ол үшін нық шешім қабылдап, шын жүректен ниет етіп, бүкіл энергияңызды ғарышқа бағыттауыңыз керек. Сонда алдағы 18 жылдық өміріңіз өзгереді. Зорлық-зомбылық, ұрыс-керістен бойыңызды аулақ ұстап, айналаңыздағыларға махаббат пен мейрім сыйлаңыз. Жақындарыңызға көмектесіңіз. Сонда бақытты боласыз", — деп ойын түйіндеді астролог.