26 сәу, 2018 сағат 10:37

Медицина университетінің ректоры жалған сертификат тапсырған шәкірттерін сынға алды

"Астана" медициналық университетінің ректоры Мәжит Шайдаров жоғары білімін әрі қарай жалғастыру үшін оқуға түскен кезде ағылшын тілінен жалған сертификаттар тапсырғаны үшін жүзден астам студенттің ЖОО-нан шығарылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Sputnik Kazakhstan агенттігіне сілтеме жасап.

Ректордың айтуынша, ол осы резиденттер, магистранттар мен докторанттарды шақырып, сертификаттарының British Council тізімінде жоқ екенін ескерткен екен.

"Несіне жасырамыз, олар сертификаттың жалған екенін жақсы білді. Біз олардың ар-ұяты оянатын шығар деп күттік. Құқық қорғау органдарының іске араласқанын біле тұра, оқудан кету туралы арызды өздері жазуы тиіс болатын. Меніңше, олар өз бетімен арыз жазып, оқудан шығуы керек еді. Біразы солай істеді, дегенмен осы күнге дейін 84 адам сертификатымыз жалған емес деп жүре берген", — дейді Шайдаров бейсенбі күні баспасөз мәслихатында.

Ректор атап өткендей, жалған сертификаттарды ЖОО-дарда таратып жүрген адамды іздеп табу қажет.

"Білім алушылардың өзімен сөйлесіп, "Сертификаттарды қайдан алдыңдар?"деп сұрағанымда, күмілжіп, "көшеде бір әйел жолығып, сертификат алуды ұсынды" деп жауап берді. Бұл енді баланың сөзі емес пе? Білдей дәрігер болып жүрген адам солай дей ме?", — дейді Шайдаров.

"Жалпы, оқудан шығарылған білім алушылардың үлгерімі жақсы болатын және тек бір резидент үлгерімінің нашарлығына байланысты уақытында оқудан шығарылды. Сертифкат дауына байланысты оқудан шығарылған 117 білім алушының 82-сі резидентурада, 24-і магистратурада және 11-і докторантурада оқитын. Соның ішінде, 66 азамат бірінші оқу жылында, 51 азамат екінші жылында оқудан шығарылды. Сонымен қатар, ай сайын магистранттар үшін 61 561 теңге, резиденттер үшін 67 мың және докторанттар үшін 81 мың теңге шәкіртақы төленетін. Ал, білім алу шығындары, магистранттар, резиденттер және докторанттар үшін сәйкесінше 65 мың, 67 мың және 120 мың теңге болатын", - деген ЖОО басшысы сәйкес сот шешімі шыққаннан кейін бұл қаражат мемлекет пайдасына қайта өндірілетінін айтты.

Кеше белгілі болғандай, елордалық "Астана" медициналық университетінің жүзден астам студенті магистратураға түскен кезде жалған IELTS сертификаттарын пайдаланғаны үшін оқудан шығарылған. Студенттер жоғары білім мен шәкіртақыға жұмсалған мемлекеттік қаражатын қайтаруы тиіс.