Қызылорда облысының Қармақшы ауданында жоғары дәрежелі ұстаз, тыл ардагері Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған «Ұстаз – Ана» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасы ұйымдастырылды. Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде өткен іс-шараға 27 жазба ақын қатысып, бақ сынады. Жыр сайысының мақсаты – Ақбалыш Жалғасованың абыройлы да өнегелі өмірін өлеңмен өрнектей отырып, келелі ісін ұрпаққа дәріптеу.
Жыр додасын аудан әкімі Жандос Еркінбек ашып, қатысушы өнерпаздарға игі тілегін арнады. Мүшәйраға жыршы Берік Саймағамбетов, ақын Зарипа Тасымова, жырау Арнұр Көшенеев, «Әлімсақ» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандитаты Нұрлан Көбегенұлы және басқа азаматтар қазылық жасады. Байқау талабы бойынша қатысушы ақындар бірінші кезеңде Ақбалыш Жалғасоваға арналған бір шығарма, екінші кезеңде Қармақшы еліне арналған бір шығарма оқыды.
«Аналарды ардақтайық» жобасы жас ұрпақтың бойына отбасы құндылығын сіңіру, ата-ана қадірін дәріптеу мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жүз жырауын жүзіктеген қасиетті Қармақшы елінің асыл аналары жетерлік. 45 жыл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұстаздардың анасына айналған ардақты ана Ақбалыш Жалғасова осындай жан еді. Ақбалыш Жалғасқызы 1930 жылы Қосарық ауылы, Ворошилов колхозында дүниеге келген. Соғыс жылдары жастайынан еңбек етіп, жеңістің жақындауына үлес қосқан. 1948 жылы М.Гоголь атындағы (Қазіргі Қорқыт Ата атындағы) педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 1955 жылы бітірген. 1949 жылдан бастап Тұрмағанбет, Ақжар, Жаңақала ауылдарының орта мектептерінде мұғалім болып, Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін елдегі азаматтарды жаппай сауаттандыру жұмысына белсене араласқан. Оқумен бірге балаларды өнерге, шығармашылыққа баулып, түрлі үйірмелер ашып, актерлық шеберлікке тартқан. Еңбек жолының соңғы он жылында Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып, құрметті еңбек демалысына шыққан. Сәден Нұртайұлы мен Ақбалыш Жалғасқызы отбасында бес бала тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана, мерейлі отбасы. Ақбалыш Жалғасқызы аяулы ана, инабатты келін, асыл әже болып, үлкен тәрбие мектебін көрсете білген ізгілікті жан.
Байқау барысында сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігіне баса мән берілді. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды Жалағаш ауданынан Өмірзақ Дидар, Қармақшы ауданынан Мустахимов Диас, ІІ орынды Қызылорда қаласынан Айдар Сайлауов иеленсе, Бақытжамал Сәденқызы атындағы арнайы жүлдемен Тәңірбергенова Мөлдір, Шәмшат Төлепова атындағы арнайы жүлдені Жанғазы Данабек қанжығасына байлады. Ақындардан оза шапқан Қызылорда қаласының ақыны Санақұл Бексұлтанға І орын бұйырып, жыр додасының бас жүлдесін Жалағаш ауданынан келген Жасұлан Серік иеленді. Сондай-ақ, қатысушылардың барлығына дипломдар мен алғысхаттар және қаржылай сыйлықтар табысталды.