Фото: redtable.kz
Алматы тұрғындары мейрамханалардағы ауызашар мәзірі бағасының қымбаттап кеткенін айтып, наразылықтарын білдірді. Айтуларынша, қазір кешкі астың құны бір адамға 10 мың теңге, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Алматылық Абылай Палмағамбетов өзінің тоғыз жыл қатарынан ораза ұстап келе жатқанын, соңғы төрт жылда ауызашарда тұрақты түрде мейрамханалар мен дәмханалардан тамақтанатынын айтады. Алайда бұл жолы мекемелердегі баға қолжетімсіз болып кеткенін жеткізді.
"Ораза басталмас бұрын ағайын-туыс, дос-жаранды ауызашарға шақырайын деп көптеген дәмхана, мейрамханаларды араладым. Бірақ бағасы қолайлы мекеме таба алмадым. Бір адамға шамамен 8-10 мың теңге деп тұр. Бұл мүлде қалыпты баға емес қой. Тура екі-үш ай бұрын бір адам үшін кешкі ас құны шамамен 5 мың теңге тұратын. Ауызашар ас мәзірінің бағасының бұлай күрт көтерілуіне не себеп?", - деп ашуланды Абылай Палмағамбетов.
Ал кәсіпкерлер бағаның өсуіне азық құнының өсуі себеп екенін айтады. Мәселен, ет пен көкөніс бағасының өсуі шығынмен жұмыс істеуге кедергі екен.
"Қазір картоп, пияз сияқты барлық өнімдердің көктемгі қымбаттауы байқалады. Себебі бір өнімнің маусымдық таусылатын уақыты. Ал екінші өнім сөрелерге әлі шыққан жоқ. Сондықтан пияз осыған дейін 150 теңге болса, алда 350 теңгеге дейін жетеді деп күтіліп отыр. Бұл маусымдық бағалар. Бізде сәл пайда тауып, жұмысшыларға жалақы төлеуіміз керек", - деді Қазақстан Рестораторлар клубының мүшесі Зульфия Юсупова.
Рестораторлар бағаны ұстап, төмендету үшін үкіметтің араласуы керек екенін алға тартты.