06 мау, 2018 сағат 16:22

Әлем қазақстандық мұнайға зәру болып қала береді - «Шелл» басшысы

Әлемдегі мемлекеттер қазақстандық мұнайға әлі де зәру болып қала береді. Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында «Royal Dutch Shell plc» концернінің атқарушы директоры Бен ван Берден осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге бір жайды ескеру керек. «Sky» сценариі аясында өзгерістер жедел болып жатқанымен, 2050 жылға дейін әлем әлі де болса қазіргі мұнай мен газдың 85 пайыздық өндірісіне зәру болады. Ұзақ уақыт бойы әлем бұрынғыша қазақстандық мұнай мен газдың қажеттілігін сезінеді. Әлем Қашаған, Қарашығанақ кен орындары және өзге де жобалар аясында біздің бірлескен жұмысқа қажеттілікті сезінері анық», - дейді ол.

Бен ван Берденның айтуынша, «Шелл» концерні мүмкіндіктерді, атап айтқанда, биоотынды болсын, электрді немесе сутекті болсын пайдалана отырып, әлемдік бірлестіктермен бірге алға жылжи бермек.

«Қазіргі таңда Қазақстан жаңа энергетикалық болашаққа қарай бағыт алу тұрғысында шараларды жүзеге асырып жатқанын білеміз. Энергияның баламалы көздерін қолдану бойынша ірі ауқымдағы жобалар аясында 1 гигаваттық аукцион көптеген елдердің қызығушылығын тудырып отыр. Өзінің диверсификациясы мен табысты түрде дамуының арқасында «Шелл» Қазақстанға экономиканы тиімді түрде дамытуына көмектесе алады. Біздің бірлесе отырып, қиындықтарды еңсеруге шамамыз жетеді», - дейді ол.

Бен ван Берден өз сөзінде Қазақстан секілді тұрақты даму жолына түскен мемлекеттердің көп емес екенін тілге тиек етті.

«Міне, біз бүгін жедел түрде жаңғыру мәселелерін осында талқылап жатырмыз. Қазақстанның даму келешегі үлкен үміт күттіреді. Қарқынның осылай қала беретініне еш күмәнім жоқ», - деді ол.