Америка Құрама Штаттарында ұсталған үш қазақстандық әйелге ақшаны жылыстатуға қатысы бар деген айып тағылған.
Диора Әшірова, Әзиза Жалолова және Елена Құдайбергенованың ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы 8 тамызда өтіп, ұсталғандарға тағылған айып оқылды.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, келесі сот тыңдауы биыл қазан айында болады.
"Қазақстанның Нью-Йорктегі бас консулдығы азаматтарымызға қажетті жәрдем көрсетіп, олардың туыстары және адвокаттарымен үнемі байланыста отыр", – деп мәлімет берді Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы.
Қазақстандық әйелдер Нью-Йоркте аса ірі алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталған болатын. Ақшаның ізін жасыру бойынша қылмыстық схемаға араласқаны үшін олар 20 жылдан 30 жылға дейін сотталуы мүмкін.