17 там, 2018 сағат 09:34

Ақмола облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Марат Иғалиев Ақмола облысы әкімінің туризм, индустрияландыру, кәсіпкерлік және инвестициялар мәселелері бойынша орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдікке сілтеме жасап.

«ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Ақмола облысы әкімінің 2018 жылғы 17 тамыздағы өкімімен Марат Иғалиев облыс әкімінің туризм, индустрияландыру, кәсіпкерлік және инвестициялар мәселелері бойынша орынбасары болып тағайындалды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Марат Иғалиев 1974 жылы туған, К.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік академия, Алматы  экономика және статистика институтын тәмамдаған.  Саяси ғылымдардың кандидаты.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1999 ҚР Қауіпсіздік Кеңесі орталығында сарапшы болып бастайды.

2003-2009 жылдары аралығында Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінде бас инспектор,  ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесші, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарында болды.

2010-2017 жылдары аралығында ҚР Индустрия және сауда министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің кеңесші, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Әкімшілік-кадр жұмысы департаментінің директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

2014-2017 жылдары аралығында ҚР  Инвестициялар және даму министрі кадр жұмысы және туризм индустриясы департаментін басқарды. «Казконтент» АҚ төрағасы орынбасары қызметінде болды.

Ол жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ақмола облысы әкімінің туризм жөніндегі кеңесшісі болды.