17 шіл, 2018 сағат 09:53

ӘЧ-2018: Қазақстандықтар ең көп тамашалаған қай матч екені белгілі болды

Ресейдегі ҒІҒА 2018 футболдан әлем чемпионатының көрсеткіші 2014 жылғы әлем чемпионатына қарағанда 16% артты. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қыметіндегі футболдан әлем чемпионатының көрсетілімін қорытындылауға арналған брифинг барысында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Футболдан әлем чемпионаты бұл барлық футболсүйер қауым үшін спортәлеміндегі маңызды да, қуанышты оқиғалардың бірі. Өздеріңіз білетіндей, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарын футбол ойындарының барлық 64 матчын толығымен тікелей эфирде көрсетті. Ресейдегі ҒІҒА 2018 футболдан әлем чемпионатының көрсеткіші 2014 жылғы әлем чемпионатына қарағанда 16% артты, яғни қызығушылық артты. Оның бірқатар себебі де бар. Біріншіден, ойындардың көршілес Ресейде өтуі босла, екіншіден әлем чемпионатының қызықты тартыстарға толы болуы. Сонымен, «Qazaqstan» телеарнасында ең көп қаралған матч Ресей мен Египет арасындағы ойынның үлесі 47,4%, ал көрсеткіші 6,97% құрады. Сондай-ақ, «Qazsport» телеарнасында көрсетілген Ресей мен Хорватия ойыны үздіктер қатарына кіріп, 44,3% үлесімен 7,32% рейтингтік көрсеткішке жетті», - деді Қарин.

Оның айтуынша, ең төменгі рейтинг «Швейцария – Коста-Рика» арасындағы матч болған. Аталған кездесудің үлесі 5,3% жетсе, рейтингісі 0,58% ғана құраған.

«Сонымен қатар, әрбір матчтың орташа аудиториясы шамамен жарты миллионға жуық көрерменді жинады. Соның ішінде, көрсетілім жағынан ең жоғарғы көрсеткішке ие болған Ресей – Хорватия ойыны болды. LIVE режимінде 339 455 адам тамашалады. Ал, Ресей – Сауд Арабия ойынын бар-жоғы 16 819 адам қараған болып шықты. Qazaqstan TV қосымшасы арқылы футболды тамашалауға мүмкіндік болды және аталған қосымша 263 511 рет жүктелген», - деді басқарма төрағасы.

Телерадиокорпорациясының басшысы 2022 жылы Катарда өтетін футболдан әлем чемпионатын трансляциялау құқығына ие болғанын атап өтті.

Еске сала кетсек, 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресей Федерациясында ҒІҒА-2018 футболдан әлем біріншілігі өткен болатын. Бұл жарысқа әлемнің ең таңдаулы 32 ұлттық құрамасы қатысты.