Бүгін сенат отырысында депутат Динар НӨКЕТАЕВА Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б.Ә. Сағынтаевқа
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Біздің депутаттық сауалымызға қазақстандық ғалымдармен кездесулер және олардың өтініштерін талдау нәтижелері негіз болып отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 109 қаулысымен бекітілген Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына жүргізілген талдау нәтижесінде докторантураға кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар үміткерлерқабылданатыны туралы талап жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің халықаралық талаптарына сәйкес келмейтініне назар аударылды.
PhD докторантураға түсуге үміткерлердің еңбек өтілінің міндетті болу талабы ықтимал үміткерлердің еңбек жолын университеттен басқа жерде бастауға мәжбүр етеді. Нәтижесінде олардың көбісі докторантура базасында оқуды жалғастыруға қызығушылығын жоғалтады. Олардың кейбір бөлігі аталғандай шектеулері жоқ шет елдердің жоғары оқу орындарына докторантураға түсуге мәжбүр болады. Нәтижесінде, еліміздің дарынды жастарынан айырылып қалу қаупі туындайды.
Үміткерлердің теориялық білім деңгейлері үш жылдық үзілістен кейін магистратурадағы оқуын бітірген кезбен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады. Оны Мемлекеттік аттестациялық комиссиялардың басшылары докторанттарды қорытынды мемлекеттік аттестациялау нәтижелері және олардың диссертацияларын қорғағандары бойынша растайды.
ЮНЕСКО қабылдаған қолданыстағы Білім берудің халықаралық стандарттық жіктеліміне сәйкес, доктарантура білім алудың жалпы үздіксіз процессінің тікелей бөлігі болып табылады. Бұл стандардта доктарантураға түсудің негізгі талабы – алдыңғы білім беру деңгейін (магистратураны) игеру болып айқындалған, сондай-ақбілім беру процесін үзуге, ажыратуға әкелетін ешқандай жасанды шектеулер қарастырылмаған.
Жоғарыда айтылғанды ескере келе, Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларының «Докторантураға кемінде 3 жыл еңбек өтілі және «магистр» дәрежесі бар немесе медицина мамандықтары бойынша резидентурада оқуын бітірген адамдар қабылданады» деген 11-тармағында кемінде 3 жыл еңбек өтілі туралы талапты алып тастауды ұсынамыз.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Сізден біздің ұсынысымызды қарастыруды және қолдаған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға сәйкесінше тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Д. Нөкетаева
Б. Жұмағұлов