29 мау, 2018 сағат 11:07

14 мыңнан астам мектеп бітіруші ҰБТ-ның шектік деңгейіне жете алмады

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары туралы қорытынды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Биыл Қазақстанда 98 698 бітіруші елдің басты емтиханын тапсырған.

«Жалпы, биыл ҰБТ 167 пунктте өткізілді. Соның ішінде колледждер базасында - 3, жоғары оқу орындары базасында - 48, мектептер базасында - 116 пункт болды. Биыл ҰБТ тапсыруға 102447 өтініш берілді. Соның 77224-і қазақ тілінде, 25177-сі орыс, ал 46-сы ағылшын тілінде тапсыру ниетін білдірген. Факті бойынша 28 түлек ағылшын тілінде тапсырған. Іс жүзінде биыл 98698 бітіруші ҰБТ тапсырды, былтыр бұл көрсеткіш 88583 болатын», - деді ол.

Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, 9 мектеп бітірушінің тапсырған емтихан нәтижелері күшін жойған. Шектік деңгейден 84065 бітіруші өтті, ал осы межені бағындыра алмағандар саны - 14633.

Биыл бес пән бойынша орташа балл 83,1-ді құрады (2017 жылы бұл көрсеткіш 80,5 болатын). Ең жоғары балл да былтырғыдан бір саты жоғарылап, 140 балға жетті.

"Ең жоғары 140 балды Шиара Құдайбергенова жинады. Ол Алматы қаласындағы мектептің түлегі. ҰБТ-ны Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 25 маусымда тапсырды", -  деді Әлімқұлов.

Сондай-ақ, оның ақпаратынша, биыл мүмкіндігі шектеулі 51 бала ҰБТ тапсырған. 

Орталық директоры осы жылы ҰБТ тыныш өткенін атап өтті.

Рамазан Әлімқұлов шекті балл жинай алмаған 14 633 түлек тамыз айында ҰБТ-ны қайта тапсыра алатынын да қоса кетті. Ол үшін олар 25 шілде мен 3 тамыз аралығында екінші рет тапсыруға өтініш беруі керек. Ал ҰБТ 15-19 тамыз аралығында өтеді. Тамыз айында да шекті деңгейден өтпей қалса, онда қыста қайтадан тапсыруға мүмкіндік бар.