14 мам, 2026 сағат 13:57

Жүргізуші куәлігін «делдал арқылы» алмақ болғандар опық жеді


Фото: egov.kz


Қазақстанда емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алып беремін деп уәде еткен алаяқ үш азаматты алдап соққан, деп хабарлайды Ult.kz.


Меркі аудандық сотының мәліметінше, сотталушы М. таныстарына жүргізуші куәлігін емтихансыз алып беретінін айтып сендірген. 2025 жылдың тамыз айында ол үш адамнан жалпы 770 мың теңге алған.


Алаяқ әр жәбірленушіден әртүрлі сома алған: екі адамнан 300 мың теңгеден, ал үшіншісінен 170 мың теңге өндірген. Алайда ол уәде етілген қызметті көрсетпей, қаражатты жеке қажеттілігіне жұмсап, кейін байланысқа шықпай қойған.


Прокурор сотталушыға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, сотталушы кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толық өтеген.


Жәбірленушілер тараптар сотталушымен татуласқанын және талаптары жоқ екенін мәлімдеген. Сот бұл жағдайларды жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, оған 3 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.


Үкім заңды күшіне енді.