фото: pexels.com
Көкшетауда 52 жастағы әйелдің қаза табуына әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы жағдайға қатысы бар жүргізуші де, көлік иесі де заң алдында жауап береді, деп хабарлайды Ult.kz.
Полицияның мәліметінше, оқиға кезінде көлік тізгінінде отырған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған. Тіпті ол арнайы жүргізуші курстарынан да өтпегені анықталды.
Сонымен қатар, тергеу барысында көлік иесі — күдіктінің күйеуі — басқару құқығы жоқ адамға рөлді сеніп тапсырғаны белгілі болды. Бұл әрекеті үшін оған да қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр.
Сот шешімімен күдікті әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Еске сала кетейік, оқиға 9 мамыр күні Көкшетаудағы Сарыарқа шағынауданындағы көпқабатты үй ауласында болған. Көлік тротуар маңында тұрған әйелді қағып, кейін қайта басып өткен. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Куәгерлер аула ішіндегі жолдардың тар екенін айтып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етуде.
Айта кетейік, Қазақстанда жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін айыппұл мөлшері 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Бұдан бөлек, көлік айыптұраққа қойылып, қосымша шығындар туындайды. Қайталанған жағдайда жаза күшейіп, әкімшілік қамау немесе жүргізуші куәлігінен айыру да қарастырылған.
