Фото: albina.blog
Қазақстанда блогерлердің саяси жарнамасына қатысты талаптар күшейтілуі мүмкін. Мәжіліс отырысында депутаттар сайлау үдерісін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістерді бірінші оқылымда қарады, деп хабарлайды Ult.kz.
Талқылау барысында депутат Никита Шаталов блогерлердің жасырын жарнама жүргізуіне қатысты нақты мысал келтірді. Оның айтуынша, кейбір блогерлер ешқандай келісімшартсыз, бірақ ашық түрде партия немесе кандидат мүддесін насихаттауы мүмкін. Мұндай әрекетті қалай бағалау керек деген сұрақ көтерілді.
Бұл сауалға жауап берген Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавқат Өтемісов блогер мен кандидат немесе партия арасында ресми келісім болмаса да, мұндай әрекет жасырын үгіт-насихат ретінде қарастырылуы ықтимал екенін айтты.
Оның сөзінше, жазбаша келісімшарттың болмауы жауапкершіліктен босатпайды. Керісінше, бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 118-бабы аясында жауапқа тартуға негіз болуы мүмкін.
Сондай-ақ Өтемісов блогерлер бұрын сайлау науқандары кезінде белгілі бір кандидатпен немесе партиямен ресми жұмыс істеген болса, кейін басқа саяси күштерге де қызмет көрсетуге міндетті екенін атап өтті.
Осылайша, жаңа өзгерістер блогерлердің саяси контентіне қойылатын талаптарды нақтылап, жасырын жарнамаға бақылауды күшейтуді көздейді.
