Фото: gov.kz
Ақтауда қайғылы жол апаты салдарынан бір жарым жастағы сәби көз жұмды. Оқиға 13 мамыр күні қаладағы 27-шағынауданда болған, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол талғамайтын көлік тұрғын үй ауласында ойнап жүрген кішкентай баланы қағып кеткен. Ауыр соққыдан сәби оқиға орнында жан тапсырды.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл деректі растады. Ведомствоның мәліметінше, қызметтік көлік тізгінінде құқық қорғау органының қызметкері болған. Ол тұрғын үй аумағындағы жолда баланы қағып кеткен.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша (көлік жүргізу қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу) қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция департаменті қаза тапқан баланың жақындарына көңіл айтып, бұл істің ерекше бақылауға алынғанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін де аула ішінде балаларды көлік қағып кету деректері тіркелген болатын.
