11 шіл, 2022 сағат 11:36

«Жас маман» жобасына бөлінген 171 млн теңгеден астам ақша қолды болған

Коллаж: Tengrinews.kz

Жамбыл облысында "Жас маман" жобасы шеңберінде бөлінген 171 миллион теңгеден аса сомаға бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

ҚМА Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті Білім беру саласындағы бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

"Департамент қызметкерлері "Жас маман" жобасы шеңберінде бөлінген 171 миллион теңгеден аса сомаға бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады. Жобаның мақсаты - колледждер мен жоғары оқу орындарын неғұрлым сұранысқа ие 100 кәсіп бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу", - делінген хабарламада.

ҚМА мәліметінше, қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде бірқатар жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр, олардың нәтижесі шыққаннан кейін қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданады.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.