Фото: ТОО Автотехлайн
Ақтөбеде жүк көліктерін заңсыз тіркеген қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды. Мемлекетке келтірілген шығын 705 млн теңгені құрады, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен міндетті төлемдерден жалтару мақсатында көліктерді заңсыз есепке қойған ұйымдасқан топқа қатысты тергеуді аяқтады.
Тергеу деректеріне сәйкес, топ мүшелері Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында N3 санатындағы жүк тартқыштар мен M1 санатындағы жеңіл автокөліктерді қоса алғанда, барлығы 82 көлікті заңсыз тіркеген.
Қылмыстық схемаға 9 адам қатысқан, олардың арасында автоинспектор мен нотариус болған.
Күдіктілер клиенттерді мессенджерлер мен интернет арқылы тауып, көлікті міндетті төлемдерсіз тіркеуді ұсынған. Келісімнен кейін ұйымдастырушы көлік деректерін ішкі істер органдарының қызметкеріне жолдап, бұрын есептен шығарылған, техникалық сипаттамалары ұқсас көліктерді іріктеткен.
Одан әрі жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар рәсімделіп, құжаттар арнайы ХҚКО арқылы өткізіліп, көліктер заңсыз тіркелген. Нотариустық әрекеттер заңды иелердің қатысуынсыз жүргізілген.
Салдарынан мемлекетке 705 млн теңге көлемінде шығын келтірілді. Сот санкциясымен күдіктілердің 2,4 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Бес адам қамауға алынып, үшеуі үйқамаққа жіберілді.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
