14 мам, 2026 сағат 11:35

ШҚО-да 356 млн теңгені «көлеңкеге» айналдырған топ: схемаға салық қызметкері де қатысқан


Фото: Zakon.kz


Шығыс Қазақстан облысында жүздеген миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған ұйымдасқан топтың ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті «Усть-Каменогорск инерт» ЖШС атынан жалған шот-фактуралар рәсімдеп келген топтың заңсыз әрекетін әшкереледі.


Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер 2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында ауыр техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізілді деген жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеген. Осы арқылы олардың серіктестері корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын төлеуден жалтарған.


Іс барысында мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қылмыстық схемаға қатысқаны анықталды. Ол салықтық тексерістерден еш кедергісіз өту үшін жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.


Тергеу нәтижесінде қолма-қол ақшаға айналдырылған қаржы көлемі 356 миллион теңгеге жеткені белгілі болды. Ал мемлекетке келтірілген шығын 91 миллион теңгеден асқан.


Сот санкциясымен күдіктілердің үш пәтері мен бір автокөлігіне тыйым салынды. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданған.


ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.


Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде пара берген мәслихат депутатына 100 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған болатын.