14 мам, 2026 сағат 10:15

ҚМА: Өскеменде салықтан жалтаруға көмектескен шенеунік анықталды

Фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысында жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы заңсыз қаржы айналымын ұйымдастырған топтың әрекеті әшкереленді деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ҚМА ШҚО бойынша департаменті «Усть-Каменогорск инерт» ЖШС атынан жалған бухгалтерлік құжаттар жасаумен айналысқан бір топ тұлғаның заңсыз схемасын тоқтатқан.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында күдіктілер ауыр техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізілгені туралы жалған құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеп отырған. Алайда іс жүзінде азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша ешқандай міндеттемелер орындалмаған.

Осы құжаттар арқылы серіктес компаниялар корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын төлеуден жалтарған.

Тергеу барысында заңсыз схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқаны анықталды. Ол күдіктілерге салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.

ҚМА мәліметінше, қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражат көлемі 356 млн теңгеге жеткен. Ал мемлекетке келтірілген залал 91 млн теңгеден асқан.

Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі үш пәтер мен бір автокөлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.