Фото: Polisia.kz
Алматы қаласында бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен қылмыстық топтың жолы кесілді деп хабарлайды Ult.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 8 мамыр күні полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерін ұстаған. Олардың арасында бұрын сотталған, қылмыстық ортада жүрген тұлғалар да бар.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер қару қолданылған бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ қару-жарақ пен тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін.
Арнайы операция барысында 21 санкцияланған тінту жүргізілген. Нәтижесінде заңсыз айналымнан бірнеше атыс және травматикалық қару, кесілген мылтықтар, оқ-дәрілер және Калашников автоматы тәркіленді.
ІІМ мәліметінше, табылған автомат қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінен ұрланған қару болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, соттың санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттердің қосымша эпизодтарын және өзге де қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстық топтардың әрекетін тоқтату бағытындағы жұмыстар жалғасады.
