2024 жыл 1 қаңтардағы деректер бойынша Қазақстанда 6256 ауыл бар. Ал 2019 жыл 1 шілдедегі дерек бойынша 6443 ауыл тіркелген. 5 жыл ішінде 187 ауылға кеміген. Оның негізі халықтың азаюы, инфрақұрылымның болмауы және экономикалық тиімсіздікке байланысты. Қазіргі кезде ауыл ресми жабылғаннан кейін оның аумағы, үйлері және қалған инфрақұрылымның нақты тағдыры белгісіз күйде қалды. Осы жағдай бүгінгі таңда шешілмей тұр. Бұл мәселені түсіну үшін Ақмола облысындағы үш түрлі ауылдың жағдайына назар аударуға болады. Бірі - дамып келе жатқан ауыл Жібек жолы кенті. Екіншісі - тұрғын саны аз, жойылып бара жатқан ауыл Пригорхоз ауылы. Үшіншісі - картадан жойылған Майбалық ауылы.
Астанадан 39 км қашықтықа орналасқан Жібек жолы кенті бүгінде қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі.
Жібек жолы ауылы 1889 жылдан бастау алды. Алғашқыда Новоалександровка атауымен белгілі болған ауыл, 1952 жылы ауылдық кеңес ретінде құрылып, кейінгі жылдары бірнеше өзгерістерді бастан өткерді. 2007 жылы Ақмола облысы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен Жібек жолы ауылдық округі болып өзгертілді. Ал 2025 жылғы 29 сәуірдегі ресми шешімге сәйкес, әкімшілік құрылым қайта қаралып, Жібек жолы дербес әкімшілік бірлік - кент мәртебесіне ие болды.
Кентте білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда үш мектеп жұмыс істейді. “И. Құтпанұлы атындағы орта мектеп” , “Жібек жолы орта мектебі” және “Мектеп-лицей”. Сондай-ақ, 1 мемлекеттік және 12 жекеменшік балабақша жұмыс істейді.
“Осы Жібек Жолы кентінде 2018 жылдан бері тұрамын. Жібек жолы өте қарқынды өсіп келе жатқан, осы Астана іргесіндегі ауылдардың бірі және бірегейі. Себебі барлық инфрақұрылым газ болсын, жол болсын, су болсын, электр жарығы болсын жүз пайыз болмаса да дамып жатыр. Осы Жібек Жолы кенті облыстық, республикалық құзіретті органдардың тікелей назарында деп ойлаймын. Халықтың көп бөлігі газбен қамтылған. Үйлерін газбен жылытып отыр. Көшелердің бәрі жарықтандырылған. Біздің осы Жібек Жолындағы 1,6, 3, 8 микрорайондарында халық өте аз болатын. Тіпті қазір жеке мақсатта үй салу үшін жер сатып алу әжептәуір белең алып жатыр. Бұл деген халық бұл ауылға өте тығыз қоныстанып жатыр. Себебі ауыл өте үлкен автомагистральдің бойында орналасқан. Бұл жер қай жағынан де өте қолайлы”, - деді тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Қанат Құсайынұлы.
Денсаулық сақтау саласы жайлы айта кететін болсақ, ауылда дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді, ол жақта 4 мыңнан астам адам тіркелген. Оған қоса, “Эндохирургиялық клиникасы” мен отбасылық денсаулық орталығы қызмет көрсетеді. “SKDent” және “TAS” деген екі стоматологиялық орталық та бар.
Фото: деректі фильмнен алынған скриншоттар
Рахимжан Нұрсұлтан (кәсіпкер): “Қаладан кішкене шаршайсың, сол үшін біз бизнесті алып кеттік . Негізі әке-шешем өздеріне үй іздеген осы жақтан. Бірге қарастырғаннан кейін біз көшіп келіп, әке-шешем қалада қалды. Негізі былай керісінше болу керек еді. Мен көп көрген жоқпын жан-жақты, алайда көп жаңа нәрсе, жұмыс орындары ашылып жатыр деп естіп жатырмын. Қосшыда тұрдым кезінде, Ильинкада тұрдым. Сол жақтың бәріне қарағанда ауа райы да, табиғаты да бәрі көңілімнен шығады”.
Жібек жолы кентінде жаңа мешіттер салынып, мәдениет үйі ашылып, инфрақұрылым біртіндеп жақсаруда. Ресми деректер бойынша тұрғын саны 11 мыңға жуық болса, нақты өмір сүріп жатқан халық саны 30 мыңды құрайды. Кентке халықтың жаппай қоныс аударуы 2010-2015 жылдары байқалды. Бұл кезеңде Жібек жолы ауылы елордада жұмыс істейтін бірақ қала сыртында тұруды қалайтын азаматтар үшін тартымды мекенге айналды.
Бүгінде Жібек жолы кенті ресми түрде ауылдық елді мекен мәртебесін сақтап отыр. Бұл мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ауылдың мысалы бір нәрсені көрсетеді: адамдар ауылда қалуы үшін тек жол мен жарық жеткіліксіз. Адамдарға орта, байланыс, рухани кеңістік қажет.
Тұрғын саны аз Пригорхоз ауылы
Пригорхоз - Ақмола облысындағы шағын ауылдардың бірі. Қазіргі таңда ол Степняк қаласының құрамына кіреді. Бұл ауылда жағдай мүлде басқа. Пригорхоз ауылында небәрі 84 тұрғын бар. Халық санының азаюы - ауыл өміріндегі ең өзекті мәселелердің бірі.
“Бұрын Көкшетауда Василковский ГОК деген болған. Бұл ауыл жол жерге қарайтын. Кейін 90-жылдары бәрі ыдырап кетті. Ауыл өз бетінше өмір сүре бастады. Қазір мұнда ештеме жоқ деуге болады. Мектеп жоқ. Әлдеқашан жабылып қалған. Адамдар тек өздері өмір сүріп жатыр. Мал ұстайды. Бірақ көбісі қалада - Степнякта жұмыс істейді. Балалар да сол Степнякта тұрады. Ата-анамның үйі осында болғандықтан, осында тұрамын”, - дейді ауыл тұрғыны Гиззат Дюсенбеков.
Фото: деректі фильмнен алынған скриншоттар
Ауыл 1928 жылы құрылған. Курорт Бурабай теміржол вокзалынан 39 км қашықтықта. Орналасқан жері - Ақмола облысы, Біржан сал ауданы. Пригорхоз ауылында мектеп жоқ, сондықтан ауыл балалары күн сайын мектеп автобусымен 4 шақырым жердегі Степняк қаласына барып оқиды. Бұл жағдай ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымның әлсіздігін көрсетеді. Соған қарамастан, соңғы жылдары ауылды сақтап қалу мақсатында белгілі бір жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етілген, орталық жол жөндеуден өтіп, асфальт төселген. Сонымен қатар Кзылтуйская көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім берілген.
Біраз жылдар бұрын үйінділер қалған жерлерде клуб болған. Қирап қалған ғимараттардың бірі - асхана мен кітапхана орны. Бірақ қазір бұл тек тұрғындардың есінде және архивтерде ғана қалған.
Фото: деректі фильмнен алынған скриншоттар
“Қазір өте аз адам қалды. Бұрын халық көп болатын. Мұнда немістер, орыстар, қазақтар өмір сүрген. Ал қазір ештеңе жоқ. Барлығы қирап, бәрі көшіп кетті. Кезінде жұмыс болмады. Бәрі Германияға, Көкшетауға, Астанаға көшіп кетті. Ал мұнда не қалды, 20 шақты үй де жоқ. Кезінде қыдырулар, тойлар өтетін. Бүкіл ауыл сол жерде болатын. Көңілді еді. Клуб болды, бәрі болды. Қазір міне ештеңе жоқ”, - деп өз естеліктерімен ауыл тұрғыны Александр Михайлов бөлісті.
Картада жоқ Майбалық
Майбалық бүгінде ресми түрде жойылған ауылдардың қатарында. Ол картада жоқ. Бірақ адамдардың жадында әлі тірі. Бір кездері бұл жерде біршама үй болған. Мал өсіріліп, егін егілген. Майбалық көлі ауыл тіршілігінің басты нүктесіне айналған. Көлге салынған ау таңертең балыққа толып шығатын. Сол балық ауыл тұрғындарына үлестірілетін.
Ауылдың тарихы ауыр кезеңдермен де байланысты. Ашаршылық жылдары бұл маңға тамақ іздеп келген адамдар жол бойында қаза тапқан. Майбалық ауылы жойылып, үйлері қирап қалса да оның тарихының, естеліктерінің бүгінге дейін сақталып қалуына тікелей әсері бар осы ауылда туып-өскен ауылдың белсенді тұрғыннан сұқбат алып көрдік.
Фото: деректі фильмнен алынған скриншоттар
“Майбалық ауылында 60-70 үй, сегіз жылдық мектеп, өзіміздің клуб болған. Мәдениет ошағы кітапхана еді. Малшаруашылығы және егіншілікпен айналысқан ауыл 40-қа жуық тракторист, 1000-нан артық қара мал бордақылап өсіретін. Көп адам балықпен айналысатын. Үлкен Майбалық көлі жайлы бір аңыз-әңгіме бар. Жезқазған жақта Жаңаарқа деген жерде аштық уақытында көптеген кісі тамақ іздеп, сол көлдің жиегіне келіп жығылған, көлдің балығын аулап тірі қалған дейді.
Майбалық ауылы 1978-1980 жылға қарай таратылды. Өйткені мектеп жабылғаннан кейін ол жерге келетін мұғалім болмады. Содан өз шамасы жеткендер қалаға көшті. Шамасы жетпегендер осы үкімет тарапынан берілген үйлерге көшті”, - деп Майбалықта туып өскен ауыл белсендісі Мұхтарима Бекішқызы өз естеліктерімен бөлісті.
Майбалық көлінің балығы өте құнарлы, адамдардың қоректенуіне өте пайдалы дейді тұрғындар сұқбатында. Ал көлдің арғы жағында балық шаруашылығы әлі күнге дейін бар. Олар балықты өсіріп, кейін көлге жібереді. Көлдің бер жағында солтүстігіне қарай әуежай орналасқан. Ол әуежайды 1960-1964 жылдары Талғат Бигельдинов салдыртқан. Ол Майбалық ауылының тумасы, руы Ағыз, екі дүркін совет одағының батыры, ұшқыш. Балалық шағы Фрунзе қаласында өткен. Сол жерде білім алып, соғысқа аттанған. Соғыста 305 рет шайқасқа қатысып, немістерді қырып, "Қара қыран" деген атаққа ие болған. Содан аман оралып, өмірінің соңына дейін Алматыда тұрды. Ал өз туған жеріне белгі ретінде Астананың іргесінде Майбалық ауылында әуежай салған. Қазір ол әуежайды “Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев” атындағы әуежай деп атайды.
Фото: деректі фильмнен алынған скриншоттар
Майбалық тарихына арналған мұражай ашылып, архивтік суреттер мен құжаттар сақталған. Оған қоса Озғанбаев Өмірзақ ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері өз кітабына Майбалық туралы жазған. Ауыл жойылса да тарихы мен естеліктері халық жадынан өшпеген. Бұл - физикалық кеңістік жоғалса да, қауымдық жадының сақталатынын көрсететін мысал.
Қазақстандағы көптеген ауылдың тағдыры ұқсас сұраққа тіреледі: ауылды не сақтап қалады? Көп жағдайда мәселе тек жол, су немесе интернетте ғана емес. Экономикалық мүмкіндік пен мәдени өмір қатар дамымайынша, ауылдағы халық саны азая береді.
Әлемдік тәжірибеде шағын қалалар мен ауылдарды дамыту үшін мәдени жобалар мен ірі шаралар маңызды рөл атқарады. Мысалы, әйгілі Cannes Film Festival Францияның астанасында емес, шағын Канн қаласында өтеді. Соның арқасында қала әлемдік туристік орталықтардың біріне айналды. Германияда да көптеген фестивальдер ірі мегаполистерден тыс аймақтарда ұйымдастырылады.
Ал Қазақстанда ірі мәдени және экономикалық шаралардың басым бөлігі Астана мен Алматыда шоғырланған. Соның салдарынан көптеген өңір ақпараттық кеңістіктен тыс қалып қояды. Бірақ оларды біріктіретін бір нәрсе бар. Ол адамдардың туған жерге деген сағынышы мен ұмытылмайтын естеліктері.
Мақала авторы: Омар Малика
Деректі фильм авторлары: Омар Малика,
Азербай Амина, Әсем Дүйсенбек