Фото: ЖИ
Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесі қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған жаңа кезеңге өтті. Президент бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың өтінішіне жедел жауап беру мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Осы ретте Ult.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарынан бұл қағиданың өңірлердегі нақты проблемаларды шешуде қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын сұрады.«Кез келген азамат бізге хабарласа алады, мәселесін жеткізіп, қабылдауымызға келе алады, сын пірін айта алады. Сондықтан аталған концепция елімізде жүзеге асып жатыр деп санаймын», – деді депутат Сәрсенғалиев.
Нартай Сәрсенғалиев тілшімізге сұқбат беру кезінде аймақтардағы саяжай мәселесін көтеріп жүрген белсенділермен кездесуден келе жатқанын жеткізді.
«Бүгін ғана белсенді азаматтармен кездесу өткізіп келе жатырмыз. Қазір аралық бір шешім бар. Саяжай мәселелері бойынша арнайы заң жобасын әріптестеріміз дайындау үстінде. Бұл ұзақ жұмысты қажет етеді, бірақ саяжайлы аумақтың азаматтары дәл қазір шешімін талап етіп отырғандықтан және 2024 жылы суға кеткен аймақтар бойынша шырылдап жүрген кезде қаншама мыңдаған саяжайлы мекендердің су астында қалғанын көрдік. Өйткені олар өзендердің табиғи жайылмасынан тыс қалған және сол табиғи жайылма аумағына саяжай үйін салып алғандықтан, кейін су тасығанда ол су астында қалды. Сондықтан да бұл мәселені шешу керектігі туралы айттық. Оны қазір Алматы облысында арнайы әкімдіктер барынша шешуге тырысып жатыр», – деді халық қалаулысы.
Ол бұл мәселе тек тұрғын үймен ғана емес, қауіпсіздік, инфрақұрылым және жер қатынастары мәселелерімен де тікелей байланысты екенін айтып отыр.
Айта кетейік, 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде табиғи апаттан зардап шеккен өңірлердегі тұрғындардың мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауына алынған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, өтемақы төлеу және инфрақұрылымды қысқа мерзімде қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде бірқатар өңірлерде жаңа үйлер салынып, зардап шеккен отбасыларға пәтер кілттері табысталды.
Алайда дәл сол су тасқыны кезеңінде көп жылдан бері қордаланып келген саяжай аумақтарының мәселесі де айқын көрінді. Су басқан аймақтардың басым бөлігінде саяжай массивтерінің табиғи жайылма аумақтарына орналасқаны анықталып, бұл мәселе қоғам талқысына шықты.
Осыдан кейін депутаттар аталған проблеманы көтеріп, оны заңнамалық деңгейде реттеу қажеттігін мәлімдеді.
Мәжілісменнің пікірінше, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының нақты көріністерінің бірі.
Депутат Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, бүгінде тұрғындардың әлеуметтік желілердегі, қоғамдық қабылдаулардағы және тікелей кездесулердегі өтініштері назарсыз қалмайды. Бұрын жауапсыз қалатын көптеген мәселелер бүгінде цифрлық платформалар мен қоғамдық қабылдаулар арқылы қысқа мерзімде тиісті органдарға жолданады.
«Бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған депутат ретінде мен әрқашан тұрғындарға қабылдау жасаймын, eOtinish арқылы болсын, жеке телефонмен болсын олардың өтініш-назын тыңдап, шешуге атсалысуға тырысамын. Қоғамда шешілетін де, шешілмейтін де мәселелер бар. Қазір оң өзгеріс байқалады. Мен өзім төртінші жыл депутат болып отырғандықтан Үкімет тарапынан болсын, өңір басшылары тарапынан болсын, көптеген сұрақтардың шешіліп жатқанын көріп отырмын. Дегенмен де әлі шешілуі тиіс сұрақтар да жеткілікті», – деді Ескендіров.
Депутаттың сөзінше, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған маңызды тетікке айналып келеді.
Депутат Қарақат Әбденнің пікірінше, өңірлердегі инфрақұрылым, тұрғын үй, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы түйткілдерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары бір өңірде қарқынды жүре, келесі бірінде баяу жұмыс істеп жатыр.
«Мен өзім «Ауыл» партиясының депутаты болғасын шалғай ауылдарға көп барамын. Әр өңір әр түрлі. Бір ауыл екіншісіне ұқсамайды. Мысалы Қызылорда облысында әкіміміз мықты болды. Басқа өңірлерде бұрыннан шешілмей келе жатқан мәселелер ол жерде шешілген. Немесе Ұлытау өңірін алатын болсақ, ол жерде келісіліп қойған мәселелер әлі шешілмегенін көрдік. Сондықтан мәселелердің шешілуі әр өңір әкімінің белсенділігіне, мықтылығына да байланысты. Халықтың үніне құлақ түрген ауылдар да бар. Жақында біраз өңірге барып келдім. Жаңа айтып өткен Қызылорда облысында мәселелері жап-жақсы шешілген ауылдар бар. Осы жақын арада мен қарағандыға барамын. Ол жердің де жағдайымен танысатын боламыз. Біз жыл сайын өңірдерге барамыз. Осындай-осындай мәселелерді шешу керек деп айтамыз. Оларға көмектесуге тырысамыз», – деді Қ. Әбден.
Депутаттардың пікірінше, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы бір күнде нәтиже беретін жоба емес. Дегенмен қоғам мен билік арасындағы ашық диалог мәдениетінің қалыптасуы – ұзақмерзімді реформалардың маңызды бөлігі. Басты өзгеріс – азаматтардың мәселесін ашық айтуы мен мемлекеттік органдардың оған жауап беру тәжірибесінің қалыптасуы.
Осылайша, халық қалаулылары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында азаматтардың өтініштері мен өңірлердегі өзекті мәселелер мемлекеттік органдардың назарында тұрақты түрде көтеріліп келетінін жеткізді. Мәжілісмендер халықпен тікелей кездесулер, қоғамдық қабылдаулар және цифрлық платформалар арқылы тұрғындардың талап-тілегін тыңдау тәжірибесі күшейгенін атап өтті. Сонымен қатар өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешу жұмыстары әр аймақта түрлі қарқынмен жүргізіліп жатқанын айтты.
