Фото: Polisia.kz
Алматы қаласында есірткі заттарын сақтап, бөлшектеп таратуға арналған орын жойылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні анықтап, оның тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізген. Нәтижесінде каннабис сығындысы, марихуана мен гашиш тәркіленді.
Сондай-ақ электронды таразылар, вакуумды қаптау құрылғылары және буып-түюге арналған материалдар табылған. Бұл заттардың есірткіні бөлшектеп, заңсыз таратуға дайындалғанын көрсетеді.
Тәркіленген есірткі көлемі үш келіден асқан. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батуржан Абдумасаров ірі көлемдегі есірткі партиясы заңсыз айналымнан алынғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта есірткінің жеткізілу арналары мен ықтимал байланыстарды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
