18 мам, 2026 сағат 16:46

«Өлім жазасына да дайынмын»: Атыраудағы қанды істің күдіктісі мәлімдеме жасады


Фото © Tengrinews.kz


Атырауда бір отбасының бірнеше мүшесінің қаза болуына байланысты атышулы іс бойынша басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев өзіне тағылған айыптар мен күтілетін жазаға толық дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Жергілікті Atyrautoday басылымының хабарлауынша, сот отырысында ол жасаған әрекетін жоққа шығармай, кез келген үкімді қабылдауға әзір екенін ашық айтқан.


— Жасаған қылмысыма да, оған берілетін кез келген ауыр жазаға да дайынмын. Өлім жазасына да, өмір бойы бас бостандығынан айыруға да дайынмын. Барлық әрекетім – өзіме және отбасыма жасалған жағдайларға қасақана жауап болды, — деді күдікті.



Сонымен қатар, ол істі алқабилердің қарауынан бас тартқан. Бұл шешім қоғамда қосымша сұрақтар туындатты.

Бұған дейін сот барысында Сәрсемәлиевтің қайын әпкесіне жасалған шабуылдың жай-жапсары да белгілі болған еді. Алайда оқиғаның толық себеп-салдары мен қылмыстың нақты мотивтері әлі де тергеу мен сот процесінде жан-жақты қаралуда.


Бұл іс қоғамда зор резонанс тудырып, отбасылық жанжалдың қандай қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті.