18 мам, 2026 сағат 13:07

Балалары түнде қараусыз жүрген 2500-ден астам заңды өкіл жауаптқа тартылды


Фото: pexels.com
Балалары түнгі серуенге шығуына байланысты 2500-ден астам заңды өкіл жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды Ult.kz.

"Полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық рейдтік іс-шаралар жүргізіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға және олардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Рейдтер барысында полицейлер аула аумақтарын, саябақтарды, компьютерлік клубтарды, ойын-сауық орындарын және жастар көп шоғырланатын басқа да орындарды тексереді.
Мысалы, ювеналды полиция қызметкерлері 15 жасар жасөспірімді анықтады, ол сағат 23:00-ден кейін Ботаникалық саябақ аумағында заңды өкілінің қарауынсыз жүрген. Осы факт бойынша заңды өкілге ҚР ӘҚБтК-ның 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Ағымдағы жылдың басынан бері аталған бап талаптарын бұзғаны үшін шамамен 2500 заңды өкіл әкімшілік жауаптылыққа тартылды", делінген хабарламада.


ҚР заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілінің қарауынсыз үйден шығуға, сондай-ақ түнгі уақытта ойын-сауық орындарында ересектерсіз болуға тыйым салынатынын еске саламыз.