Фото: ҰҚК баспасөз қызметі
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысының аумағында қарудың және жалған шетел валютасының заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған арнайы операция өткізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қылмыстық қару мен жалған АҚШ долларын сатудың жасырын арнасы жұмысын жолға қойған қылмыстық іс-әрекеттің ұйымдастырушысы ұсталды.
Операция алдында ұзақ уақыт жедел зерделеу жұмысы жүргізіліп, атқыш қару, оқ-дәрі, сонымен қатар жалған америкалық банкноттарды әкелудің тұрақты қылмыстық жүйесі анықталды және құжаттанды" - делінген хабарламада.
Қылмыскерлердің жасырынғаны, заманауи техникалық байланыс құралдарын қолданғаны олардың әрекетін әшкерелеуде қиындық тудырған. Күдіктінің заңға қайшы әрекеті еліміздің қоғамдық-экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Ведомство мәліметінше, дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық бизнес жойылды.
Заңсыз айналымнан 4 бірлік қару: "Калашников" автоматының жетілдірілген түрлері, тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықтар, 450-ден аса оқ-дәрі және аса ірі көлемде жалған АҚШ доллары алынған.
Ұсталған адам қылмысын мойындады және ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 128-бабы негізінде сот рұқсатымен 2 айға тергеу изоляторына қамалды. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.