13 мам, 2026 сағат 11:28

Ұлытауда «Қазақмыс» нысандарындағы ұрлық схемалары әшкереленді

Фото: ашық дереккөз

Қазақмыс корпорациясы аумағында жасалған ұрлықтарға қатысты Ұлытау облысында бірнеше қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келтірілген шығынның 94,5%-ы өтелген, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу барысында жергілікті қылмыстық топтардың бағалы металдардың мөлшері жоғары кен қорытпаларын ұрлау схемасын ұйымдастырғаны анықталған. Қылмыстық топ мүшелері сотталған.

Биылдың өзінде полиция ірі көлемде шығын келтірілген төрт ұрлық фактісін ашқан.

7 мамыр күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен бірлескен операция барысында компания аумағынан жанармай ұрлау схемасының жолы кесілді.

Күдіктілердің арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жанар-жағармай материалдарын ұрлағаны белгілі болды.

Тінту кезінде:

  • – бір тоннадан астам жанармай;
    – ірі көлемдегі ақша қаражаты;
    – көлік құралдары;
    – оқ-дәрісі бар қару;
    – заңсыз әрекетте пайдаланылған өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Сонымен қатар күзет құрылымдарының жекелеген қызметкерлері тарапынан көмек көрсету деректері де анықталған.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс қазіргі уақытта тергеу-жедел шаралары жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, қаржылық-шаруашылық құжаттарға талдау жүргізіліп, келтірілген шығын көлемі нақтылануда. Алдын ала мәлімет бойынша шығын аса ірі көлемде болуы мүмкін.