Фото: polisia.kz
Алматы облысы Талғар ауданындағы Нұра ауылында 24 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға 11 мамыр түні болған, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, марқұм інісімен бірге әкесінің бейітіне барып, құран бағыштап қайтып келе жатқан. Сол сәтте жолдарын есігі ашық тұрған көлік бөгеген. Көлікте үш ер адам отырғаны айтылады.
Ағалы-інілі жігіттер көлік иелерінен жол сұрап, есікті жабуды өтінген. Алайда қарсы тарап дөрекілік танытып, жанжал туындаған. Марқұмның туыстарының айтуынша, әлгі үш жігіт кейін олардың артынан еріп келген.
24 жастағы жігіт көліктен түскен кезде күдіктілердің бірі оның кеуде тұсына екі рет пышақ сұққан. Ауыр жараланған азамат ауруханада жан тапсырды.
Полиция күдіктілерді ұстау үшін ауыл маңына блокбекеттер қойған. Жедел іздестіру шаралары барысында марқұмның үш ауылдасы қолға түсті. Алдын ала ақпарат бойынша, күдіктілердің бірі – 20 жаста.
Аталған дерек бойынша "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
