13 мам, 2026 сағат 11:47

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы халықаралық іздеуде жүр ме?


Фото: Скриншот/instagram.com/akapenov
Telegram-дағы Kozachkov арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновке қатысты бірнеше елдің құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Жазба авторының мәліметінше, Азамат Қапенов қазіргі таңда Қаржылық мониторинг агенттігінің халықаралық іздеуінде жүр. Сонымен қатар, оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те 2024 жылдан бері іздеп келеді. Ол алаяқтық және қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану істері бойынша күдікке ілінген.

Kozachkov арнасының жазуынша, тергеу «Қазтеміртранс» АҚ қызметіне байланысты қозғалған. Әңгіме 2015 жылы белгілі бір компанияларға шамамен 5 миллиард теңге көлемінде жеңілдіктер беру мәселесі төңірегінде болған. Іс 2016 жылы тоқтатылғанымен, 2025 жылы Бас прокуратура оның күшін жойып, тергеу қайта жанданған.

Автордың айтуынша, Қапенов 2015 жылы Мәсімовтің қызы Тәмилла Кәрімге үйленгеннен кейін теміржол саласындағы ықпалын күшейткен. Сол кезеңде жүк тасымалы нарығына қатысушылар оның кей компанияларға ерекше жағдай жасап, өзгелерге қысым көрсеткенін айтқан.

Сондай-ақ жазбада Азамат Қапеновтің әр жылдары Ресей мен Қырғызстан азаматтығын алғаны, ал 2024 жылы БАӘ резиденті мәртебесіне ие болғаны айтылған. Бұл жағдай оның Қазақстанға экстрадициялануын қиындатуы мүмкін екені көрсетіледі.

Telegram-арна мәліметінше, Қапенов былтыр Қазақстанның сұрауы бойынша БАӘ аумағында ұсталғанымен, кейін Қырғызстанға кеткен. Қазіргі таңда ол сол елде жүргені айтылады.

Бұдан бөлек, Kozachkov жазбасында «Қазтеміртранс» ісіне қатысы бар Павел Юнгке қатысты да Қырғызстан құқық қорғау органдарының қызығушылық танытқаны сөз болады.