13 мам, 2026 сағат 12:05

Әскери бөлімдегі қайғылы жағдай бойынша іс сотқа жолданды

Фото: Alash.kz

2024 жылдың 17 ақпанында Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз Р. Жайғалиевтің қаза болуына қатысты қылмыстық іс тергеліп, аяқталды деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу нәтижесінде бөлім командирінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан жеке құрамды бақылау және қарумен жұмыс істеу тәртібі талаптарының сақталмағаны анықталды, бұл қайғылы оқиғаға тікелей себеп болған.

Тергеу барысында әскери жарғылар мен ведомстволық бұйрықтарда көзделген қауіпсіздік шаралары толық орындалмағаны белгілі болды. Соның салдарынан қызметтік міндетін тиісінше атқармаған жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі қайғылы жағдайға әкелген.

Әскери прокурорлардың қадағалауымен және жедел-тергеу тобының бірлескен жұмысы нәтижесінде қажетті дәлелдер жинақталып, бірқатар сот сараптамалары жүргізілді. Іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

Сонымен қатар, барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметінен босатылып, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары тиісті тәртіппен қаралуда және процесс жалғасуда.