01 шіл, 2022 сағат 09:25

Украина атқылағаннан кейін Ресей билігі Змеиный аралынан әскерін әкеткенін мәлімдеді


Ресей Украинаның Змеиный аралынан әскерінің қалған бөлігін әкетті, - деп хабарлады Украина күштерінің "Оңтүстік" тобы басшылығы Facebook-тегі парақшасында.

Ақпаратта ресейліктердің аралдан "гарнизонның қалған бөлігін екі қайықпен асығыс-үсігіс әкеткені" айтылған. Украина жағы қазір аралда жарылыс естіліп, өрт болып жатыр деп хабарлады.

Кейінірек Ресей қорғаныс министрлігі Змеиный аралынан әскерін әкеткенін растады. Министрлік "Змеиный аралындағы тапсырманы аяқтап, ізгі ерік-жігер қадамы ретінде ондағы гарнизонды шығарғанын" мәлімдеген.

"Осылайша Ресей федерациясы БҰҰ-ның Украина аумағынан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару үшін гуманитарлық дәліз ұйымдастыру жөніндегі күш-жігеріне кедергі келтірмейтінін әлем қауымдастығына паш етті" деген министрліктің сөзін келтіреді "Интерфакс" агенттігі.

Ресей күштері Украинаға басып кірген күні – 24 ақпанда Змеиный аралын жаулап алған. Мамыр айында Ресей қорғаныс министрлігі аралға түсуге талпынған украин десантшыларын жойғанын хабарлаған. Украина жағы арал маңында Ресейдің бірнеше кемесіне соққы бергенін айтқан. 17 маусымда Украина әскери-теңіз күштері аралға оқ-дәрі, қару-жарақ пен әскерилерді апара жатқан ресейлік "Василий Бех" кемесін теңізге батырғанын мәлімдеген.

Қара теңіздің солтүстік-батысында орналасқан Змеиный аралы Украинаның Одесса облысы жағалауы мен Одесса қаласының портына баратын теңіз жолын бақылауда ұстау үшін маңызды нысан саналады.