18 мам, 2026 сағат 11:28

Есікті қолмен ашқан, тежегішті басқан: Астанада LRT жұмысына жолаушылар кедергі келтірді


Фото: Астана әкімдігі


Астанада LRT іске қосылған алғашқы тәуліктің өзінде жолаушылар тарапынан қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу деректері тіркелді. Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы хабарлады.


Компания мәліметінше, пойыздардың бірнеше рет тоқтап қалуына жолаушылардың бейберекет әрекеттері себеп болған. Атап айтқанда, кейбір тұрғындар вагон есіктерінің жабылуына әдейі кедергі келтіріп, оларды қолмен ашуға тырысқан. Сондай-ақ шұғыл тежеу және есікті ашу батырмаларын негізсіз басу жағдайлары тіркелген.


Жүйе толық автоматтандырылғандықтан, мұндай әрекеттер қауіп ретінде бағаланып, пойыздар автоматты түрде тоқтатылған. Бұл диспетчерлік тексеріс жүргізу үшін қажет болған.


Тәртіп бұзушылар бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Жиналған материалдар кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жолданған.


CTS компаниясы жолаушыларды қоғамдық көліктегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ желіде жоғары кернеулі ток бар екені ескертіліп, ереже бұзудың соңы ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені айтылды.