16 мам, 2026 сағат 13:51

ҰБТ сұрақтары "сатылып жатыр" ма: Ұлттық тестілеу орталығы жауап берді


Фото: kazaknews.kz


Ұлттық тестілеу орталығы әлеуметтік желілерде тараған ҰБТ тапсырмалары туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.


Орталық мәліметінше, соңғы уақытта интернетте "ҰБТ-дан өткізіп береміз", "грант алып береміз" немесе "тест сұрақтарының жауабы бар" деген мазмұндағы хабарламалар көбейген.


Мамандар мұндай ұсыныстардың барлығы алаяқтардың әрекеті екенін ескертеді.


"Әрбір тестіленушіге жеке тест нұсқасы беріледі. Сондықтан интернетте таралып жатқан "слив" материалдары нақты тест тапсырмаларымен сәйкес келеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды", – делінген ресми хабарламада.



Сондай-ақ орталық тест материалдарын заңсыз тарату деректері анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.


Айта кетейік, тест тапсырмалары орталықтың зияткерлік меншігі болып саналады. Оларды жариялау немесе тарату заң алдында жауапкершілікке әкеледі.


Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерді тек өз біліміне сенуге және академиялық адалдық қағидаларын сақтауға шақырды.