Владимир Гердо / ТАСС
Астанада қайтыс болған 45 жастағы Әлия бес адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды 24.kz.
Әлия 6 сәуір күні кешке жұмыстан қайтып келе жатып, аяқ астынан есінен танып қалған. Жедел жәрдемді кездейсоқ өтіп бара жатқан адам шақырған. Келесі күні дәрігерлер оның жағдайы аса ауыр екенін, тромб үзіліп кеткенін мәлімдеді.
Марқұмның әпкесі Дина Ғайсарованың айтуынша, 7 сәуір күні таңертең Әлия жансақтау бөлімінде жатқан. Ота жасалғанымен, нәтиже болмаған. Дәрігерлер ми өлімі тіркелген соң туыстарына донорлық мәселесін қарастыруды ұсынған.
Марқұмның анасы Қазима Ғайсарова қызының көзі тірісінде донор болуға ниет білдіргенін айтты.
Әлияның артында үш баласы қалды. Олардың екеуі – кәмелетке толмаған, кенжесі небәрі 8 жаста.
Дәрігерлер донордан жүрек, бауыр, өкпе және екі бүйрек алып, оларды бес науқасқа сәтті трансплантациялаған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 16 мыңнан астам адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Ал 100 мыңнан астам азамат бұған қарсы. Елде 4,6 мыңға жуық адам ағза трансплантациясын күтуде, олардың басым бөлігі – бүйрекке мұқтаж науқастар. Оның ішінде 100-ден астамы – балалар.
