18 мам, 2026 сағат 11:20

Нан – 130 теңге: Алматыда азық-түлік бағасын тежеу басталды


Фото: gorodovoy.ru


Алматыда әлеуметтік нанның бағасы ресми түрде бекітілді. Қала әкімдігі "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен "Алматынан" нан-тоқаш комбинаты арасында тиісті келісім жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Келісімге сәйкес, бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын 3,8 млн-нан астам бөлке нан сатылымға шығарылады. Бір бөлкенің босатылу бағасы 130 теңге болып белгіленсе, сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс.


Әкімдік мәліметінше, кейбір дүкендер нанды үстемесіз де сатуы мүмкін. Бағаны тұрақтандыру шаралары 2027 жылдың мамырына дейін жалғасады. Әлеуметтік нан ірі супермаркеттерде де, шағын дүкендерде де қолжетімді болады.


Сонымен қатар қалада өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта жұмыртқа, құс еті және қант бағасына ерекше назар аударылған.


Мәселен, "Сары-Бұлақ" құс фабрикасымен 86,4 млн дана жұмыртқаны белгіленген бағамен жеткізу туралы келісім жасалды. Бір жұмыртқаның бағасы 59 теңгеден аспайды. Өнім Magnum, Small, Metro, A-store желілерінде және "Алатау-құс" дүкендерінде сатылады.


Сондай-ақ "Алатау-құс" және Nauryz Agro KZ компанияларымен құс еті бағасын тұрақтандыру туралы келісімдер бар. "Алатау-құс" дүкендерінде сан еті мен жілік 1100 теңгеден, сирағы 1650 теңгеден сатылып жатыр. Ал Nauryz Agro KZ өнімдері 1300 теңге шамасында тұрақтандырылған. Magnum Cash&Carry желісінде баға 1495 теңгеден аспайды. Бұл келісімдер үш жылға дейін күшінде болады.


Бұдан бөлек, "Алматы" ӘКК 4,5 мың тонна қант сатып алған. Қант Magnum, Small, Toimart, "Столичный", "Юбилейный" және өзге де дүкендерде 10%-дан аспайтын үстемемен сатылады. Бір келісінің босатылу бағасы 405 теңге деңгейінде белгіленген. Қант бағасын тұрақтандыру шаралары биыл қарашаға дейін жалғасады.