Фото: ЖИ
Қазақстан полициясы соңғы уақытта әсіресе егде жастағы азаматтарға бағытталған алаяқтық әрекеттер көбейгенін мәлімдеді деп хабарлайды Ult.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтар өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін иемденуге тырысады.
Полиция қазіргі кезде кең таралған бірнеше алаяқтық схемасын атады. Соның бірі – азаматтарға банк шотынан ақша ұрланғалы жатқанын айтып, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіру. Ол үшін қаскөйлер сілтемелер жіберіп немесе арнайы қосымшаларды орнатуды сұрайды.
Сондай-ақ «қауіпсіздік жүйесін жаңарту» деген желеумен белгісіз бағдарламаларды жүктету жағдайлары жиілеген. Мамандар мұндай қосымшалар орнатылғаннан кейін алаяқтардың банк деректеріне толық қол жеткізуі мүмкін екенін ескертті.
Бұдан бөлек, кейбір алаяқтар коммуналдық қызмет немесе зейнетақы ұйымдарының қызметкері болып хабарласып, төлемдерді қайта есептеу не есептегіштерді тексеру сылтауымен SMS-кодтар мен жеке мәліметтерді сұрайды.
Полиция қаскөйлердің адамдардың эмоциясына қысым жасау тәсілін де жиі қолданатынын айтты. Олар туысыңыз қиын жағдайға тап болғанын айтып, шұғыл ақша аударуды талап етеді.
Сонымен қатар қазіргі технологияларды пайдаланып, жақын адамның даусын немесе бейнесін қолдан жасау арқылы сенімге кіру әрекеттері де кездесіп жатыр.
«Банк картасының деректерін, SMS-кодтарды, құпиясөздер мен ПИН-кодтарды ешкімге айтпаңыз. Белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз және күмәнді сілтемелерге өтпеңіз», – деп ескертті полиция.
Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді жағдайда ресми нөмірлер арқылы ақпаратты қайта тексеруге және жақындарымен ақылдасуға шақырды.
