05 шіл, 2022 сағат 18:25

ҰҚК Тараз бен Шымкентте ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады - видео


Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тараз бен Шымкенттен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"30 маусымда ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірге Тараз және Шымкент қалаларында бір мезгілде "А" және "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жұмылдырылуымен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі криминогендік жағдайға теріс әсер етіп келген, қоғам үшін қауіпті болып табылатын ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операцияны жүзеге асырды.

Бұл мақсатта алдын-ала жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралардың толық кешені мұқият жүргізілді. Нәтижесінде қылмыстық топ мүшелерінің тауарлы-материалдық құндылықтарды аса ірі мөлшерде ұрлауға және кәсіпкерлерден ақша қаражатын бопсалауға қатысы бар екендігі туралы дәлелдер жиналды", - делінген хабарламада.

Комитет мәліметінше, арнайы операцияның нәтижесінде қылмыстық топтың 14 көшбасшысы мен белсенді қатысушылары ұсталған. Процессуалдық іс-шаралар барысында қару-жарақ арсеналы, қомақты ақша сомасы, сондай-ақ тергеу үшін қызығушылық тудыратын құжаттық материалдар табылып, тәркіленді.

Соталды тергеу жүргізіліп жатыр, ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.