07 шіл, 2022 сағат 13:45

ҰҚК Нидерландымен бірге халықаралық арнайы операция өткізді


Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстаннан Нидерландыға есірткі тасымалдайтын халықаралық есірткі синдикатының жолын кесуге бағытталған арнайы операция өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚК мәліметінше, қылмыстық топ Таяу Шығыс пен Азия азаматтарынан құралған.

"Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, баратын жері Нидерланд болған. Топ әрекетінің ауқымды географиясын ескере отырып, ҰҚК Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырды.

Операцияның табысты іске асырылуына Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті", - делінген хабарламада.

Бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының басты қатысушылары анықталған.

"Нидерланд аумағында бақыланатын жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді. Бұдан әрі Амстердам қаласы құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтады" - делінген ҰҚК мәліметінде.

Сарапшылардың деректері бойынша, жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны 2 млн. АҚШ долларын құрайды.

Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.