20 сәу, 2023 сағат 15:26

Түркістан облысында оқушы қызды өлтірген тағы бір күдікті ұсталды

Фото: Robert Michael / DPA / ТАСС

Түркістан облысы Ордабасы ауданында оқушы қызды өлтірді деген күдікпен тағы бір адам ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Жантүршігерлік оқиғаға қатысы бар деген екінші күдіктінің жеке басы анықталып, қамауға алынды. Ол - жергілікті тұрғын.

"Күдіктілер өз кінәсін мойындап, қылмыстық әрекетті қалай жасағанын оқиға орнында нақтылап көрсетті.

Бүгінгі таңда екі жігіт қамауда отыр. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (“Адам өлтіру”) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу ісі Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында", - делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске сала кетсек, Ордабасы ауданындағы суару каналынан 15 жастағы қыздың мәйіті табылған болатын. Қыздың кеудесінен пышақ жарақатының іздері анықталған. Күдікті ретінде 11-сынып оқушысы ұсталған.