АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі, АҚШ барлау қызметінің (ЦРУ) директоры Уильям Бернс Ресей басшысы Владимир Путиннің денсаулығында еш кінәрат жоқ деп санайды. Аспендегі қауіпсіздік форумында журналистердің сұрақтарына жауап берген Уильям Бернс осындай пікір айтты. Оның сөзінен Politico журналы үзінді келтіреді, деп хабарлады Азаттық.
"Ол тіпті өте сау деп айта аламыз" деді Бернс. Шенеунік бұл барлау қызметінің ресми мәлімдемесі емес екенін де ескерткен.
Әлеуметтік желі қолданушылары осы аптада Иранға барған Ресей президентінің кейбір жерде сәл ақсаңдағанын талқылаған.
Мамыр айында Украина барлау қызметінің жетекшісі Кирилл Буданов Ресей президентінің "ауыр сырқат" екенін айтқан. Маусымда бұл жөнінде Украина басшысы Владимир Зеленский де мәлімдеген.
Маусымның басында Ақ үйдегі құпия дереккөздерге сүйенген Newsweek басылымы Путиннің сәуір айында қатерлі ісік ауруының соңғы сатысын емдеу курсынан өткенін жазған. Басылым мәліметінше, сәуірдің аяғы мен мамырдың ортасына дейін Американың барлау қызметі Путин қатты ауырып, тіпті өлім аузында жатыр деген деректі тексеріп, сондай тұжырымға келген. Newsweek-тің жазуына қарағанда, коронавирус індетін сылтау етіп, оқшаулану арқылы ол дертін жасыруға тырысқан. Ал АҚШ қауіпсіздік кеңесінің өкілі ақпаратты жоққа шығарған. Ол барлау қызметінде ондай тұжырым жасалмағанын және президент Джо Байденге баяндалмағанын айтқан.
Ал, сәуірдің басында "Проект" басылымы 69 жастағы президентке соңғы жылдары лор мен хирург жиі ұшып барып жүргенін хабарлаған. Егде кісілердің қалқанша безіндегі ісікті осы мамандар емдейтіні мәлім.
Кремль әдетте президенттің денсаулығы туралы мәлімет таратпайды. Алайда Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Проект" ақпаратын "ойдан құрастырылған" деп атап, президенттің дені сау екенін мәлімдеген.
Соңғы рет Кремль президенттің денсаулығында кінәрат бар екенін 2012 жылы мойындаған. Ол кезде Путиннің белін ауыртып алғанын хабарлаған.