19 мам, 2026 сағат 13:51

Шымкентте әйелді пышақтап өлтірген ер адам түрмеге қамалмайтын болды


Фото: gov.kz

Шымкентте көшенің қақ ортасында әйелді пышақтап өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Атышулы іс бойынша айыпталушы қылмыстық жауаптылықтан босатылды, - деп хабарлайды Otyrar.kz.

Қайғылы оқиға қаңтар айының соңында болған. Тергеу мәліметінше, ер адам көшеде әйелге бірнеше жерден пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Күдіктіні ұстау кезінде ол полицейлерге пышақпен қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты құқық қорғау қызметкерлері қызметтік қару қолдануға мәжбүр болған.

Сот барысында айыпталушының 2022 жылдан бері психикалық дертке байланысты есепте тұрғаны анықталды. Ол бірнеше мәрте ем қабылдап, дәрігерлер бақылауында болған. Соңғы емдеу курсынан 2025 жылы өткен. Сондай-ақ оған екінші топтағы мүгедектік тағайындалған.

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ер адам қылмыс жасаған сәтте өз әрекетінің мәнін түсінбеген әрі мінез-құлқын басқара алмаған. Осыған байланысты сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатып, істі тоқтатты.

Сот шешімімен оған психиатриялық мекемеде күшейтілген бақылаумен мерзімсіз мәжбүрлі ем тағайындалды.