Фото: Мадина Алимханова/kaztag.kz
Алматы облысында күйеуі көлікпен қағып өлтірді делінген 39 жастағы Дарина есімді келіншек Жетісу облысында жерленді. Марқұмның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалды, деп хабарлады КТК.
Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары оның өліміне күйеуін кінәлап отыр. Олардың айтуынша, Балқаш аудандық полиция бөлімінде басшылық қызмет атқарған ер адам әйелін қасақана көлікпен таптап кеткен.
Белгілі болғандай, Дарина бұған дейін полиция саласында қызмет еткен. Ал әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында күдіктінің полиция бөлімінде орынбасар болғаны туралы ақпарат тарады.
Алайда Алматы облыстық полиция департаменті бұл мәліметті әзірге нақты растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Ведомство тек аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.
— Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сәйділдин.
