26 мау, 2018 сағат 10:17

Шудағы пойыз апатының негізгі себебі аталды

Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Шудағы пойыз апатына себеп болуы мүмкін басты нұсқаны атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Пойыздың қарсы жолақта келе жатқан пойызбен сотығысқаны жайлы нұсқа бүгінде жоққа шығарылады. Негізгі себеп - жолдың жағдайы. Жолдың сапасы себеп болып отыр. Соңғы рет көктемде жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейінгі жолдың сапасы себеп болып тұр. Жөндеу жұмыстарының сапасына, күнделікті тексеріске, бұл жолдың жағдайына келгенде сұрақтар бар", - деді Жеңіс Қасымбек.

"Сонда кім кінәлі?", - деп сұрады журналистер министрден.

"Мен сіздерге 20-рет айтып тұрмын, кімнің кінәлі екенін комиссия анықтайды", - деді Қасымбек.

"Күннің ыстық болуына байланысты рельстер кеңейіп кетуі мүмкін деген нұсқа бар ма?", - деп тағы сұрады БАҚ өкілдері мигнистрден.

"Бұл - физика, ауа температурасы өзгеруіне байланысты осындай жағдайлар болады. Мұндай жағдайларды бақылауы тиіс арнайы қызметтер бар", - деп қорытындылады сөзін министр.

Еске сала кетсек, 17 маусымда Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызы аударылып, бір жасөспірім көз жұмған болатын.