фото: qurban.muftyat.kz сайтынан скриншот
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айтқа орай онлайн құрбан шалу қызметін іске қосты. Енді құрбандық малын қашықтан таңдап, рәсімдеуге болады, деп хабарлайды Ult.kz.
Мүфтияттың мәліметінше, биыл құрбан шалу офлайн және онлайн форматта қатар жүзеге асады. Онлайн қызмет qurban.muftyat.kz сайты арқылы қолжетімді.
Сайт арқылы пайдаланушылар құрбандық малын таңдап, төлемді Kaspi QR арқылы жасай алады. Қой мен ешкіні бір адам шала алады, ал ірі қара мен түйені 1 немесе 7 адам бірігіп құрбандыққа шалуына мүмкіндік бар.
Тапсырыс сәтті рәсімделген жағдайда өтінім берушінің телефонына SMS хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар, құрбандық шалынғаннан кейін фото және бейне есеп те ұсынылады.
Сайттағы мәліметке сәйкес, бір қойдың бағасы — 125 мың теңге, ал ірі қара — 875 мың теңге. Ірі қараны жеті адам бірігіп шала алады.
Онлайн қызмет тек құрбан шалуға емес, құрбан етін алуға да өтінім беруге мүмкіндік береді. Ол үшін сайттағы «Құрбан етін алу» бөлімінде ИИН, аты-жөні, телефон нөмірі және тұрғылықты мекенжай енгізіледі. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы мен растайтын құжат жүктеу қажет.
Өтінім беруші кейін өз өтінішінің мәртебесін телефон арқылы тексере алады немесе есепті автоматты түрде алу опциясын қоса белгілей алады.
Айта кетейік, онлайн құрбан шалу жүйесі Қазақстанда алғаш рет пандемия кезінде енгізіліп, 2020 жылдан бері қолданылып келеді. Биыл бұл қызмет жаңартылған платформа арқылы ұсынылып отыр.
