03 сәу, 2023 сағат 12:58

Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды

Фото ашық дереккөзден алынды

Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Прокуратура Қырғыз Республикасының шекара қызметінен алған ақпаратқа сәйкес, Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қаласындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен. Бұл шекара қызметінің деректер базасымен дәлелденген. Сотталушының мұнан ары өзге елдерге жүріп-тұруының алдын алу және тұрғылықты жерін анықтау үшін, Күдебаевқа шұғыл түрде халықаралық іздеу жариялап, оған бұлтартпау шарасын тұтқынға алуға өзгерту қажет», - дейді судья әлеуметтік желіде тараған видеода.

Талдықорған қалалық сотының Facebook парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, үкімді жариялау алдындағы соңғы сөзін сөйлеуі тиіс болған С.Күдебаев ауырып қалуына байланысты сот отырысына келмеген.

Оның ауруханаға түскенін дәледейтін анықтаманы сотқа адвокаты ұсынған. Осыған байланысты сот отырыстары кейінгі шегеріліп келді. Осы кезеңде С.Күдебаевқа қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

2023 жылдың 30 тамызында сот Қылмыстық-процестік кодекстің 157 және 355-баптарына сәйкес, С.Күдебаевты 3 сәуір сағат 10:00-де сотқа жеткізу туралы қаулы шығарды.

Қаулыны орындау кезінде прокурор С.Күдебаевтің елден кеткені туралы мәлімет ұсынған.

«Бүгінгі таңда Қылмыстық-процестік кодекстің 324-бабына сәйкес, іс іздеу жариялануына байланысты тоқтатылды. Іс іздеуді қадағалау үшін Жетісу облыстық прокуратурасына жіберілді», - делінген сот хабарламасында.

Еске салсақ, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған еді. Сот талқылауы барысында прокурор судьядан Күдебаевқа 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын.