07 там, 2018 сағат 13:50

"Сәләфит" болған жігіттің шындығы: "Мен қалай адастым?"

(Жат ағымнан  оралған  жігіттің  әңгімесі)

«Соңғы кездері жастықпен, білместікпен және  ең  бастысы, діни сауатсыздықтың кесірінен жат ағымға арбалып, кейіннен тәубесіне келіп, дәстүрлі дінімізді қабылдап жүргендер баршылық», — дейді теологтар. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген сөз бар қазақта. Сондай бауырларымыздың бірі Дархан (есімі өзгертілді) деген жігітпен сөйлесіп, әңгімесін тыңдаған едік. Ол жігіттің жат ағымға ергенге дейінгі және одан кейінгі пікір-көзқарасы көпшілікке ой салар деген үмітпен оқырман назарына ұсынғанды  жөн  көрдік.

Адасу қалай басталды?

- Екінші курстан бастап мешітке барып, жұма намазына қатысып жүрдім. Сол жерде дәрет алуды үйрендік. Шыны керек, маған дәрет алғандағы тазалықтың өзі қатты ұнады. Сөйтіп, дінге қызығушылығым ояна бастады. Бірде достарыммен қонаққа бардық. Сол жерде ең бірінші діни ақпарат алдым. Қазіргі жастарды интернет улап жатса, біз осылай қонаққа барып, қақпанға түстік. Бірге жүрген жігіттің ағасы намазхан еді. Өкінішке орай, сол таныс жігіттер қазір түрмеде отыр. Бұл 2007-2008 жылдар еді. Ол кезде менде «Қандай бағытта жүрмін» деген ой болған жоқ. Сол жылдары намаздан кейін мешіттің айналасына машинамен әкеліп, кітап үлестіретін. Сырты жасыл кітаптар. Ол кітаптар теріс бағыт сілтейтін әдебиеттер екендігін біз, әрине, кеш білдік. Сөйтіп, біз өз бағытымызды дұрыс деп, сол жолмен жүре бердік. Басында жақсы қабылдадым. Олар бір-бірімен жақсы жұмыстанады. Мен де олар сияқты намаз оқып, балақ қысқартып, сақал қойдым. Олардың тағы бір қыры адамдарға жақсы көмектеседі. Негізі, адамға сыйлық таратып, көмектессе, ол ашыла бастайды. Көбінесе бауырлардың қарауында жүрдім. Саудамен айналыстым. Материалдық тұрғыда жақсы көмектесті. Пәтерімді төлеп тұрды. Бәрі қолайлы болған соң жүре бердім. Бірақ мінез-құлқым қатты өзгерді. Өйткені, жігіттердің көбі көшенің ықпалына түскен және түрменің «дәм-тұзын» татқандар еді. Үш жылдай желілік дүкендердің бірінде жұмыс істедім. Менің қасымда түрмеден шыққан жігіт болды. Мінезімнің өзгеруіне ықпал еткен сол кісімен көп айғайластым. Өйткені, ол адамдарды адам деп санамайтын еді. Дүкенге келіп, амандасып, ілтипат танытқан жанның сәлемін алмай, менсінбейтіні менің ашуымды тудыратын. Ал Ислам діні адамды көркем мінезге шақырмайтын ба еді? Алланы тани тұра, олардың осындай әрекетке барғаны мені ойландыра бастады. Олар мемлекет ұстап отырған діни бағытты айыптайды. Арам мен харам сөзін жиі қолданады. Қит етсе, «анау харам, анау ширк» деп шыға келеді. Бір жақсысы, мен ата-анамның кейбір көзқарастарына іштей қарсы болып тұрсам да, олармен араздасқан жоқпын.

Ойландырған жәйттер

- Алла Тағаланың Құран-Кәрімде: «Ойланбайсыңдар ма?» деген аяты бар.  Мен уақыт өте келе, ойлана бастадым. Ол жерде Мысырда, шетелде оқып келген  білімді жігіттер бар. Бірақ әрекеттері жаға ұстатарлықтай. Мәселен, көп адам  заттарын менің үйіме қойып кетеді. Алла разылығы үшін деп аманат етіп, тастап кеткен заттарға мұқият қараймын. Бірақ үйде мен жоқ кезде сақалдары төсіне түскен үлкен кісілер сол заттарды сұраусыз алып кетеді. Үп-үлкен адамдардың жауапкершілігінің жоқтығы мені таңғалдырды. Кейіннен үлкен іспен айналысатын жігіттер келіп, әлгі заттарды менен сұрайды. Мен тауып бере алмаймын. Біреудің бір тал шырпысын рұқсатсыз алу, ұрлық қой деп біраз дауластым. Олардың еш жазықсыз мені айыптағаны көңіліме қонбады. Ал дінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с. ғ. с)  «Адамды өле-өлгенше айыптама» деген ғой. Тағы бірде, орыс көршім машинасымен балшыққа батып, шыға алмай жатыр екен. «Көмектесіп, итеріп жібере қояйық» десем, «Ол кәпір, бата берсін» дейді. Жақсы, мейлі ол өзге дінді ұстанса да, бәрібір адам емес пе, көмектесіп жібергенде тұрған не бар?.. Осындай жәйттер, олармен көзқарасымыздың келіспеуі - мені шынымен ойландыра бастады.

P.S.:

-  Дәстүрлі дінге оралуыма дін істері басқармасында жүрген Нұржан, Бауыржан деген теолог жігіттердің дәрістері әсер етті. Одан бөлек, ата-анам, бауырларым да қолдау көрсетті. 2008-2016 жылға дейін сол жерде жүріп, көп нәрсені түсіндім. Қазір қоғамға өз пайдамды тигізгім келеді. Негізі, адасып жүрген жастарды отбасы, тума-туысы көкірегінен итермеуі керек. «Пісірген етіңді жемеймін» десе де, сол жейтін етті тауып әкеліп, өзіне тарта берген дұрыс. Жаны ашитын адам бауырының адасып жүргенін білсе, көзден таса қылмай, оған білдіртпей болса да, мамандармен ақылдасып, әрекет еткені жөн.

Бірде бір ауылдағы концертке бардым. Бейтаныс екі бүлдіршін концертке қатысушылардың қолындағы кішкентай жалауша мен шарға қызығып, оны сұрап, жылай бастады. Ал сатып алып бере қоятын да жер жоқ. Қатысушылардан сұрап алып, жалау мен шарды балаларға әкеліп бердім. Сол  кезде олардың мәз болғанын көрсеңіз! Былай қарасаңыз, түкке тұрғысыз нәрсе сияқты. Бірақ астарына үңілсеңіз, нағыз рухани тәрбие осыдан басталады. Мерекелік көпшілік шараларда кішкентай балаларға еліміздің жалаушасы мен шарларды тегін тарату керек. Осының өзі бала санасында ұлттық рухтың қалыптасуына ықпал етеді. Менің ойымша, адасып жүргендерді кері қайтару үшін тиісті мекемелер олармен тығыз байланыс жасауы қажет. Олардан қауіп бар екенін біле тұра, арасына кіріп, сол деңгейге түсу керек. Олар - өте ұйымшыл. Ал біздің ынтымақ-бірлігіміз олардан да күшті болу керек деп ойлаймын.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

 

Теолог  не  дейді?

Азамат ТӨЛЕПОВ,

Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының діни бірлестіктермен  жұмыс бөлімінің басшысы:

— Жат ағымда жүргендердің басым бөлігі — 25-35 жас аралығындағы адамдар. Соңғы кездері жалпы халықтың діни сауаты, дінге деген көзқарасы өзгерді. Қазір көпшілік ата-аналар ұл-қызы намаз оқи бастаса, біздің басқармаға, мешіттерге келіп, алаңдап сұрайтын болды. Бір қызығы, дәл солай алаңдаушылық танытқандардың көбі өзіміздің дәстүрлі Ханифа мазхабын ұстанғандар болып шығады. Бізге көмек сұрап келгендердің діни дұрыс бағытта немесе жат ағымда жүргендігін сұрақ қою арқылы 20-30 минутта анықтауға болады. Егер теріс ағымда жүрсе, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен, намаз оқитын жігітке күйеуге шыққан қыздың ата-анасының өтінішімен жұмыс жүргіздік. Сол кезде байқағанымыз, ол келіншектің діннен мүлдем хабары жоқ. Ол тек күйеуінің айтқанымен жүрген. Кейіннен арнайы мамандардың дәрісін тыңдаған соң, оның көзқарасы өзгерді. Осындай мысалдар өте көп. Жастардың көпшілігінде дін, Құдай туралы түбегейлі  түсінік жоқ болғандықтан, олар өз бағытын дұрыс деп ойлайды. Сондықтан  жат ағымға арбалған  жастармен тек теологтар ғана емес, ата-ана, үлкенді-кішілі оқу орындарының басшылары, психологтар бәріміз бірігіп, кешенді түрде жұмыстануымыз керек. Түрмеде  отырған адасқан  жігіттермен екі жыл жұмыс істедім. Сол кезде таңғалғаным, олардың басым бөлігі қылмыс жасап қойдым деп өкінеді, сол қылмысқа алып барған идеологияға өкінбейді. Бұдан шығатын қорытынды – біздің ұлттық идеологиямыз мығым,  теріс  ниеттілерге  төтеп  беретіндей мықты болуы шарт.

Қазіргі күнде БҚО-дағы Сырым, Зеленов  аудандарында жағдай күрделі. Теологтар деструктивті дінде жүрген әрбір отандасымызбен жеке сөйлесіп, жұмыстанып жүрміз. Әсіресе, қалаға жақын орналасқан Зеленов ауданында жат ағымда жүргендермен кездесу қиын. Өйткені олар күндіз жұмысқа кетеді, кеште оларды іздеу жұмыс кестесіне сай келмейді. Аудандарда  жоғары білімді теологтардың  жетіспейтіндігі де – үлкен  мәселе.

Жастар адаспас үшін рухани тәрбие мектеп жасынан дұрыс берілу қажет. Мәшһүр Жүсіптің Құдай туралы өлеңін балалар жаттап өссе, ешқандай жат ағымға арбалмайды деп ойлаймын.  Арнаулы орта, жоғары оқу орындарындағы студенттермен алдағы оқу жылында жүйелі жұмыстануды жоспарлап отырмыз. Жастар ғаламтор арқылы жарияланған діни теріс мәліметтерді қабылдап, отбасы мүшелерінен сырт айналып жатады. Интернетте өзге деструкивті діни ұйымдардың идеологиясын насихаттайтын сайттар өте көп. Сондықтан ата-ана ұл-қызының қандай сайттарға кіріп жүргенін қатаң қадағалауы тиіс. Жұмыс тәжірибесінде түйгеніміз, көп жағдайда адасқандардың  жан  дүниесіне үңіліп, жұмыстану арқылы бетін бері қаратуға болады. Бірақ кішкентайынан ата-ана мейірімін сезінбеген, әке-шешенің ойлы қамқорлығын  көрмеген, психологиялық соққы алған жастарды райынан қайтару өте қиын. Сондықтан әр ата-ана баласына мейіріммен қарап, жүйелі  тәрбиеге  ден  қойып, перзентінің кемел  тұлға  ретінде  қалыптасуына  жылдар  бойы жіті  көңіл  бөлгені  жөн.

Ұлт порталы