18 нау, 2023 сағат 09:11

Рыбакина алғаш рет Indian Wells Masters турнирінің финалында ойнайды

Фото: ktf.kz

Еліміздің бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тағы Индиан-Уэллсте өтіп жатқан ATP Masters 1000 санатындағы турнирдің финалына шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан теннис федерациясының жазуынша, Рыбакина жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты. Олар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші жеңген еді.

Бұдан екі ай бұрын Елена Аустралия ашық чемпионатында әлемнің 1-ракеткасын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірген.

Бұл жолы бірінші партияда отандасымыз брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейкпен аяқтады – 6:2. Рыбакина екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Содан кейін есеп 5:1 болып, өзі доп бергенде, екі матчболын пайдалана алмады. Дегенмен матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.

Осылайша Елена 1 сағат 15 минутқа созылған ойында 7 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты түгел өз есебіне жазды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

Қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасын айқын басымдықпен ұтып, спорттық карьерасында алғаш рет Индиан-Уэллс жарысының (жүлде қоры – 8,8 миллион АҚШ доллары) финалына өтті.

Ол соңғы бәсекеде әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салады. Арина жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді жолдан тайдырды – 6:2, 6:3.