12 мам, 2026 сағат 14:11

Қазақстанда жаз айларында бірқатар ірі халықаралық спорт жарыстары өтеді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда биылғы жазда бірнеше ірі халықаралық спорт турнирі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі өткізген жұмыс кеңесінде Астана, Түркістан, Шымкент және Ақтау қалаларында өтетін халықаралық жарыстарға дайындық мәселелері талқыланды.

Жиында спортшылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, спорт нысандарының дайындығы, логистика, медициналық қызмет көрсету, шетелдік делегацияларды орналастыру және мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмысты ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Кеңес барысында елордада өтетін боччадан Әлем кубогіне дайындық пысықталды. Аталған додаға әлемнің 25 елінен спортшылар қатысады.

Сонымен қатар:

– 16 елден шамамен 350 спортшы қатысатын байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионаты;
– 1600-ге жуық спортшы бақ сынайтын таеквондодан (WT) халықаралық турнирлер;
– 15 елден 250-ге жуық спортшы қатысатын жеңіл атлетикадан XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы;
– 50 елден 500-ге жуық спортшы жиналатын кураштан әлем чемпионаты;
– 700 спортшы қатысатын WKF каратэден Орталық Азия чемпионатына дайындық мәселелері қаралды.

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ауқымды спорттық іс-шаралар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, спорт инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты насихаттауға серпін береді.

Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен спорт федерацияларына халықаралық жарыстарға сапалы әрі уақтылы дайындалу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.