28 нау, 2018 сағат 09:31

Бүгін - Ресейде аза тұту күні (Видео)

Ресейде 28 наурыз күні Кемероводағы сауда орталығында болған өрттен қаза тапқандарды аза тұтып жатыр. Бүгін өрт құрбандарының алды жерлене бастайды.

Кемероводағы "Зимняя вишня" сауда және ойын-сауық орталығындағы өрт 25 наурыз күні күндіз болған. Ресми мәлімет бойынша, өрттен 64 адам қаза тапқан. Құрбандардың көпшілігі - балалар. Кейбір мәлімет бойынша, орталықта адамдар күзетшілердің әрекетінен және өрт кезіндегі дабыл белгісінің қосылмай қалуынан кино залында және басқа да орындарда қамалып, шыға алмай қалған.

27 наурызда Ресейдің ондаған қаласында өрт құрбандарын еске алу митингілері өткен. Қаралы жиынға қатысқандар марқұмдарды еске алып шам жақты, гүл, ойыншықтар қойды. Бірнеше аймақта ресми аза тұту күні жарияланды.

27 наурызда Кемеровоға Ресей президенті Владимир Путин барды. Ол сауда орталығы жанындағы еске алу орнына гүл қойып, облыс басшылығымен кездесті. Бірақ Владимир Путин де, Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев те Кемерово әкімдігі алдында митинг өткізгендерге бармады.

Мәскеуде де Пушкин алаңында өрт құрбандарын еске алуға арналған ресми емес акция және Манежный алаңында мэрия ұйымдастырған акция өтті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, акцияларға 12 мың адам жиналды. Акцияларды ұйымдастырушылар шара тыныш өтеді деп долбарлаған. Бірақ акцияға қатысқандар "Путин отставкаға кетсін!", "Төлеев отставкаға кетсін!", Путинсіз Ресей", "Кемерово, біз сенімен біргеміз!", "Балаларды өлтіргендерге Кремльде орын жоқ" деп ұрандатты.

Санкт-Петербургте шамамен екі мың адам Марс алаңында рұқсатсыз акция өткізді. Ал қала билігі Дворец алаңында ресми қаралы жиын өткізді.