27 шіл, 2018 сағат 09:32

Педофилдерді ешкім босатпайды - Бас прокуратура

ҚР Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Аталған ақпарат 5 мың адамды түрмеден босату мәселесіне қатысты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпараттар таралуда. Ауыр қылмыс жасаған 5 мың адам шығады дейді. Олар зорлық жасаған, адам өлтірген, қарақшылық жасаған дейді. Бұқаралық ақпарат құралдарына да жаңалықтар шықты. Бұның барлығы шындыққа жанаспайды. Біреулер мәселенің анық-қанығына мән бермеді, енді біреулер сенсация жасаймыз деп, солай берді. Соның салдарынан қоғам ол жаңалықты дұрыс түсінбей қалды», - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Аxметжанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, 5 мың адамның ішінде қарақшылар, педофилдер, зорлық жасағандар, адам өлтірген басбұзарлар жоқ.

«Ондай адамдарды ешкім босатпаған, босатпайды да. Негізі, қылмыстық саясатты гуманизациялау қоғамдық қауіпсіздікке кері әсерін тигізбейді. Себебі сол 5 мың адамның ішінде қауіпті қылмыс жасағандар жоқ. Біз педофилдер, қарақшылар, экстремистер мен террористрдің жазасын жеңілдетіп отырған жоқпыз, керісінше, оларға қатысты заң қатты. Ондай адамдарды ақтауға болмайды. Зардап шеккендермен ымыраға келсе де, жазаны жеңілдетуге рұқсат жоқ. Педофилдер, экстремистер мен террористерді де шартты түрде босатуға болмайды», - деп атап көрсетті М.Аxметжанов.

Оның сөзіне қарағанда, қылмыстық саясатты гуманизациялау шаралары 2012 жылдан бері атқарылып келеді. Содан бері түрмеде отырғандардың саны 19 мың адамға азайды. Олардың барлығы үнемі бақылауда болады. Тиісті органдар осы санаттағы азаматтарды қоғам өміріне бейімдеу шараларын атқарып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, бес жылдың ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 22 процентке, ал зорлық жасау 43 процентке төмендеді.

Айта кетейік, Қазақстандағы сот-құқықтық реформалар аясында қылмыстық саясатты гуманизациялау шаралары атқарылуда. Осыған байланысты тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, адам өліміне қатысы жоқ 247 қылмыс бойынша алғаш рет қоғамдық жұмыстар баламалы жаза ретінде қолданылатын болады. Бұдан бөлек, айыппұлдың ең төменгі мөлшері 500 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін (1,2 млн теңгеден 481 мың теңгеге) азайтылады. Енді, оны үш айда емес, алты айда төлеуге болады. "Осының арқасында мыңдаған адам сотқа жүгініп, айыппұлдың мөлшерін азайтып қана қоймай, оны төлеу мерзімін ұзарта алады", - деді М.Аxметжанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Ал экономикалық қылмыстық бойынша ірі және аса ірі көлемдегі шығынның мөлшері екі есеге артады. Осыған байланысты 2,5 сотталған адамның жазасы қысқарады. Олар мүлікті талан-таражға салу мен алаяқтық үшін түрмеге қамалған болатын.

Бұдан бөлек, 12 ауыр қылмыс бойынша судьялар бас бостандығын шектеу жазасын қолдана алады. Аталған қылмыстарға әскери, экономикалық, лауазымдық және мүлікке қатысты заң бұзушылықтар кіреді. Есесіне айыппұлдардың көлемі артады. Ал 2 жылға дейін және алғаш рет сотталғандар қауіпсіздік деңгейі төмен мекемелерге ауыстырылады.

«Жалпы, гуманизация шараларымен 5 мың адам қамтылады. Бірақ оларды бір уақытта босатпайды. Соттар өтінімдерді қарауы қажет. Өз шешімін шығаруы тиіс. Айыппұл сала ма, басқа мекемеге ауыстыра ма, осының бәріне біраз уақыт кетеді. Осы орайда, маңызды бір мәселені тағы да қайталап өтемін, адам өлтірген, зорлық жасаған, экстремизм мен терроризмге барған, қарақшылық пен ұрлақ жасаған адамдарды ешкім босатпайды», - деп атап көрсетті М.Аxметжанов.